Семейлік дәрігерлер коронавирусты емдеудің тың тәсілін тапты

0
705

Тың әдіс хал үстінде жатқан бір науқастың бетін бері қаратуға жәрдемдесті.


Семейлік дәрігерлер коронавирусты емдеудің тың тәсілін тапты

ERNUR.KZ. Семейлік дәрігерлер COVID-19 індетін емдеудің тың тәсілдерін қолданып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаладағы білікті ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың бірігіп атқарған ұжымдық еңбегі хал үстінде жатқан бір науқастың бетін бері қаратуға жәрдемдесті. Қалған науқастарға да кешенді ем-шаралар тағайындалып, қазір олар өздерін жақсы сезінуде. Өкпе жұмысын жақсартып, ағзаларды қалпына келтіруге сурфактант препараты мен виброакустикалық массаждар тиімділігін көрсеткен. Қазір бұл әдіс-тәсілдерге шетелдік дәрігерлер де қызығушылық танытып отыр. Қауіпті індетті емдеу жөніндегі жедел штабтың жұмысымен танысып қайтқан тілшіміз Болат Көкенайұлының репортажы.

Семейдегі COVID-19 індетін емдеуге байланысты құрылған жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Тәулік бойы демалыссыз жұмыс істейтін командаға 30-40 жылдық тәжірибелері бар білікті мамандар топтасқан. Бүгін тағы бір науқастың жүзі жарқырап, көңіл-күйі көтеріңкі. Алайда, мұндай жетістік өздігінен келмейді. Мәселен, 28 наурыз күні алғаш рет қауіпті дертпен түскен азаматтың халі өте нашар болатын.

- Вирустың ең бірінші зақымдайтыны сол, альвеола. Оны негізінде вирус тудырады, альвеола жабысқан кезде өкпенің бәрі жабысып қалады. Сондықтан ИВЛ-дың не көмегі бар, ол альвеоланы ашып, оттегін жеткізу. Бұл сурфактантты балаларға жаңа туған, тыныс жетіспеушілігі бар, өкпесі жарымаған балаларға қолданады сурфактантты. Бірақ үлкендерге қолданбаған. Соны мен ойладым, науқастың кім біледі беті бері қарай ма, қарамай ма, осыны қолданайық деп жігіттерге айтып, дәрігер әріптестер қолдап, көрейік дедік. Негізі науқастың жағдайы ауыр болды, - дейді анестезиологтар тобының жетекшісі, штаб мүшесі Саят Таңатаров.

Семей медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісовтің айтуынша, бұл нұсқаулық дүниежүзілік және жеке тәжірибеге негізделіп жасалған. Оқу орны басшылығы жедел штаб жұмысын жандандыру үшін барлық жағдайларды қарастырған. Цифрлық технологиялар көмегі де көп тиіп жатыр.

- Осының арқасында сатурациясы 90-96-ға дейін көтеріліп, біз әлгі науқасты аппараттан ерте шештік. Практика, білім, ғылым бәрі бірге қосылып, біз осы үлкен жұмыс, өйткені соның арқасында үлкен ауыр жағдайда жатқан науқасты дерлік о дүниеден алып шықтық. Ол кісі болжам бойынша мүлдем кетіп қала ма деп ойлағанбыз, - дейді анестезиологтар тобының жетекшісі, штаб мүшесі Саят Таңатаров.

-Хал үстінде жатқан науқасқа кешенді ем қолданылды. Соның бірі – виброакустикалық массаж тәсілі. Бұл шараның адам денсаулығына еш зияны жоқ. Сондықтан қиналып жатқан аурудың бетін бері қаратуға септігін тигізді, - дейді өңірдің бас пульмонологы, штаб мүшесі Жанар Оразалина.

Қазір семейлік ғалымдар бұл тың тәсілдерді арнайы жинақ ретінде жарыққа шығарып, интернет парақшалары арқылы таратуға күш салып жатыр. «Ең басты мақсат – күш жұмылдырып, қиындықты бірге еңсеру», дейді олар.

- Әзірге бұл індетке қарсы вакцина немесе дәрі шығарылған жоқ. Сондықтан ең бастысы, оқшаулану мен карантиндік шараларды сақтау керек. Абырой болғанда, бізде аурулар көп тіркелген жоқ. Егер ережеге бағынып, сақтық шараларын сақтайтын болсақ, аман-есен бұл қиындықты да еңсереміз деп ойлаймын, - деді инфекционистер тобының жетекшісі, штаб мүшесі Имдат Эфендиев.