Қазіргі кезде сауда орталықтарының алдында жаңа жылдық шыршалар тау-тау болып, үйіліп жатыр, дейді сенатор Ақылбек Күрішбаев.
ERNUR.KZ. Сенат депутаттары жаңа жылдық шыршалар саудасын бақылауға алуды талап етті. Себебі кәсіпкерлер "импорттық тауар" ретінде өз жерімізде заңсыз кесілген шыршаларды да сатып жатады, деп жазады sputnik.kz.
"Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Ресейден жеткізілген және ресми түрде тіркелген шыршалардың саны 78 мың. Ал экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі берген ақпаратта 106 мың дана деп көрсетілген. Осы жерде орынды бір сұрақ туындайды? "Импорттық өнім" деп заңсыз кесілген өзіміздің шырша-ағаштарымыз сатылып жатқан жоқ па?", - деді депутат Ақылбек Күрішбаев сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, қазіргі кезде сауда орталықтарының алдында жаңа жылдық шыршалар тау-тау болып, үйіліп жатыр. Ал Қазақстанда ондай ағаштарды жаппай кесуге тыйым салынған.
"Бәріміз орманның, жер-жаһанның биосферасына қалай әсер ететінін жақсы білеміз. Биомассаның 90 проценті орманда қалыптасады. Бір ағашты кескен жағдайда біз бір жылда 100-700 келі оттегіден айырыламыз. Ал орманның бір гектары 10 тонна көмірқышқыл газын ұстап қала алады. Әлем бойынша ормандар экономиканы декарбонизиялауға және жасыл технологияларды дамытуға көмектесіп жатады", - деп атап өтті Күрішбаев.
Осы орайда сенатор мемлекет басшысының бес жылдың ішінде 2 миллиард ағашты отырғызуға қатысты тапсырмасын да еске алды. Тәуелсіздік жылдары да біраз шаруа атқарылды. Осы уақыттың ішінде Қазақстандағы ормандардың аумағы 900 мың гектарға өсті.
"Алайда заңда жауапкершілік күшейтілсе де, ағаштарды заңсыз кесу әрекеттері тыйылатын емес. Экология министрлігінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері 224 орманды заңсыз кесу фактісі анықталды", - деді Күрішбаев.
Осыған байланысты сенаторлар Ақылбек Күрішбаев пен Әли Бектаев үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, бірнеше ұсыныс жасады. Олар:
- ораман шаруашылығы инспекторларының санын екі есеге арттыру;
- орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын күшейту;
- орманшылардың жалақысын көтеру;
- аймақтарда орман-тұқым кешендерін ашу;
- әрбір орман шаруашылығында өрт анықтаудың заманауи жүйесін енгізу;
- халықтың экологиялық мәдениетін көтеру.