Сенатор жастар арасында белең алған бедеулік себебін айтты

0
2 462

Бұл туралы Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова айтты.


Сенатор жастар арасында белең алған бедеулік себебін айтты

ERNUR.KZ. Соңғы үш жылда 15 пен 25 жастағылар арасында жаңа ВИЧ-инфекцияcының өсуі 43%-ды құрайды. Бұл туралы Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.

Сенатор депутаттық сауалында жастардың денсаулығына қатысты проблемалық мәселелерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда 15 пен 24 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастардың үлесі халық санының кем дегенде 20%-ын құрайды. Сонымен бірге, демографиялық болжам бойынша, 2025 жылға қарай осы жас тобындағы халық 25%-ға немесе 700 мыңнан астам адамға өседі деп күтілуде. Алайда сенатор соңғы үш жылда осы әлеуметтік топ ішінде жаңа ВИЧ-инфекцияларының өсуі 43% болғанын атап өтті.

«Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, жасөспірімдердің тек 9%-ында АҚТҚ-ның берілу жолдары туралы жан-жақты білімі бар, 60%-ы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу әдістері туралы білмейді. Ал науқас жастардың 62,6%-ы өз бетімен емделеді. Бұл қалыптасқан әдеттің ең көп таралатын салдары - бедеулік», - деді Ақмарал Әлназарова.

Сенат депутаты Қазақстанда жастарға қатысты 128 денсаулық орталығы жұмыс істейтінін жеткізді. Бірақ олар аудандық емхана бөлімшелері түрінде ғана жұмыс істеп тұр. Депутаттың айтуынша, бұл орталықтардың дамуына кедергі болады.

«Бұл шығындар бойынша жастар орталықтарының қызметі қамтылмайды және қызметтерді толық көлемде көрсетуге мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды анонимді диагностикалау және емдеу, сондай-ақ профилактика, денсаулықты сауықтыру және басқа да мәселелер жастар үшін қолжетімді болмайды. Үкіметтен халықаралық стандарттар негізінде жастарға қызмет көрсету бойынша сервистің одан әрі жетілдірілуі мен қолжетімділігі үшін жағдай жасауды, барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда заңды тәуелсіз жастар денсаулық орталықтарын құруды қарастыруды сұраймыз. Бұл толық және сапалы медициналық көмек көрсету, жастар арасында санитарлық-ағартушылық жұмыстарды ұйымдастыру, тиісті көлемде қаражат бөлу үшін қажет», - деді сенатор Ақмарал Алназарова.