Шекара қызметінің экс-басшысы бостандыққа шықты

0
669

Ол ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, пара алғаны үшін 11 жылға сотталған.


Шекара қызметінің экс-басшысы бостандыққа шықты

ERNUR.KZ. ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламанов мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, деп жазады inbusiness.kz.

"Семей қаласы №2 соты Нұрлан Жоламановтың заңда белгіленген жаза мерзімінің бір бөлігін өтегенін, жазаны өтеу кезінде өзін жақсы жағынан көрсеткенін, іс жүргізу шығындарын төлегенін, сот үкімі бойынша азаматтық талап-арыз жоқ екенін, жазаны өтеу кезінде 19 көтермелеуі бар екенін ескеріп, жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші бойынша материалдарды қарады", - деп жазылған хабарламада.

Өтініш беруші мекеменің қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны ескеріліп, оған жазасын толық өтеу керек емес деген шешім қабылданған. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әскери сотының 2015 жылғы 6 наурыздағы үкімімен Нұрлан Жоламанов мүлкі тәркіленіп, 11 жылға бас бостандығынан айырылған.

Ол жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтейтін болды. Бұрынғы басшыға 2014 жылғы 27 қазан мен 2025 жылғы 27 қазан аралығында жазасын өтеуге үкім шыққан. Алайда сотталған Нұрлан Жоламанов шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жазған. Сотталушының адвокаты, мекеме өкілі және Семейдің прокуроры оның өтінішін қанағаттандыруды сұраған.

Нәтижесінде сот Нұрлан Жоламановтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қанағаттандырған. Мұнда сотталушының денсаулық жағдайы да ескерілген. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. Айта кетейік, Нұрлан Жоламанов ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару, сондай-ақ пара алу деректері бойынша кінәлі деп танылған.