Шетелде оқып келгендерге енді Қазақстанда дипломдарын тану тәртібі қатаңдатылады

0
71


Шетелде оқып келгендерге енді Қазақстанда дипломдарын тану тәртібі қатаңдатылады

Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда шетелдік дипломдарды тану тәртібі өзгереді. 30 тамыздан бастап медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық мамандықтар бойынша шетелде алынған дипломдарды мойындату үшін қосымша сараптамадан өту қажет болады, деп жазады Stan.kz.

Дипломын Қазақстанда танытқысы келген азамат құжаттарын ХҚКО арқылы немесе электронды портал көмегімен тапсыра алады. Негізгі құжаттарға диплом мен оның қосымшасы жатады. Ал құжат шетел тілінде болса, оны қазақ немесе орыс тіліне аударып, нотариусқа куәландыру қажет. Мөрлер мен мөртаңбалар да аудармаға енгізіледі.

Дегенмен барлық жағдайда апостиль немесе заңдастыру талап етілмейді. Қазақстанмен құқықтық көмек туралы халықаралық келісімі бар елдерде берілген құжаттарға мұндай рәсімдер қолданылмайды. Ал Қазақстан резиденті емес азаматтар жеке басын куәландыратын құжаттың нотариалды аудармасымен бірге көшірмесін тапсыруы керек.

Медицина мен фармацевтика саласында талап қатаңырақ болады. Шетелдік оқу орындары, ғылыми орталықтар мен зертханалар берген дипломдар, сондай-ақ интернатурадан өткені туралы құжаттар қосымша тексеріледі.

Мәселен, құжатта апостиль немесе заңдастыру болмаса, оның түпнұсқалығы анықталады. Сонымен қатар диплом берген ұйымның сол уақытта тиісті мамандарды оқытуға құқығы болғаны тексеріледі. Бұдан кейін маманның алған біліміне бейінді сарапшылар баға береді.

Педагогикалық дипломдарға да сараптама жүргізіледі. Егер құжат алынған елмен Қазақстан арасында тиісті халықаралық келісім болмаса, оның елдегі талаптарға сәйкестігі арнайы бағалаудан өтеді.

Құжаттарды қарау мерзімі де белгіленген. Егер диплом туралы мәлімет шетелдік дерекқорда бар болса, оны тану рәсімі 8 жұмыс күніне дейін созылады. Ақпарат табылмаған жағдайда құжат берілген елдің уәкілетті органына ресми сұрау жіберіледі.

Шетелдік ұйым 20 жұмыс күні ішінде жауап бермесе, өтініш иесіне қызмет көрсетуден бас тарту туралы шешім келесі 2 жұмыс күнінде шығарылады. Ал қажетті ақпарат алынған жағдайда дипломды тану туралы шешім де екі жұмыс күні ішінде рәсімделеді.

Өтінішті портал арқылы берген азаматтар құжаттарының мәртебесін жеке кабинетінен бақылай алады.

Сонымен бірге шетелде берілген ғылыми дәреже туралы құжаттарды тану тәртібі де жаңарды. Бұл рәсім Қазақстан азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар үшін екі кезеңмен жүргізіледі.