ШҚО ұлттық паркінде шыққан өрт 3,7 гектар аумақты шарпыды

0
91

​Өрт 3,7 гектар аумақта оқшауланып, ашық жалын толық сөндірілді


ШҚО ұлттық паркінде шыққан өрт 3,7 гектар аумақты шарпыды

ҚР ТЖМ видеосынан скриншот

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде шыққан өрт 3,7 гектар аумақты шарпыды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Шығыс Қазақстанның таулы аймағында табиғи өртпен күрестің маңызды кезеңі аяқталды. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ақсу филиалына қарасты Ақсу орманшылығында тұтанған өрт оқшауланды.

Өрт теңіз деңгейінен 1400 метрден астам биіктіктегі жетуі қиын таулы жерде шыққан. Тік беткейлер, жолдың жоқтығы және су көздерінің шалғай орналасуы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатқан. Өрт ошағына ең жақын су айдыны – Маралды көлі шамамен 30 шақырым қашықтықта орналасқан.

Табиғи апатты ауыздықтауға ТЖД қызметкерлері, орман шаруашылығының мамандары, ұлттық парк қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» мекемесі, сондай-ақ ТЖМ мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің авиациясы жұмылдырылды.

ШҚО әкімдігінің тікұшағы өрт орнына ұшып барып, 45 десантшыны жеткізді. Экипаж сегіз рет су төгіп, Ақ өзен маңындағы жалынның таралуын тоқтатуға мүмкіндік берген.

«Тікұшақ экипажына суға толтырылған су төгетін құрылғыны өрт ошағына көтеріп жеткізуге тура келді. Бұл бізден барынша дәлдік пен жоғары шеберлікті талап етті», – деді ШҚО әкімдігі авиациясының Ми-8 тікұшағының екінші ұшқышы Владимир Ларионов.

Әкімдік мәліметінше, өртті сөндіруге басқа да әуе техникалары тартылған. «Қазавиақұтқару» АҚ-ның ЕС-145 тікұшағы жалпы көлемі 2400 литр болатын төрт мәрте су төккен. Ал Семейден келген Ми-8 тікұшағы өрт орнына жалпы көлемі 2 тонна су жеткізіп, күштерді тасымалдауды қамтамасыз еткен.

Жалпы тікұшақтар 14 рет су төгіп, өрт ошағына 27 мың литр су шашқан. Бұдан бөлек, авиация жергілікті жерде табиғи су көздерінің болмауына байланысты жалпы көлемі 8 тонна болатын қосымша су қорын жеткізген.

Барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында табиғи өрт 3,7 гектар аумақта оқшауланды. Қазір ашық жалын жоқ. Мамандар жекелеген учаскелерді суарып, бықсып жатқан ошақтарды толық сөндіріп, өрттің қайта тұтануына жол бермеу үшін аумақты тұрақты бақылауда ұстап отыр.