​ШҚО әкімінің орынбасары 31 мамырды мейрам деп тұрғындарды құттықтады

0
1 420

Әсем НҮСІПОВА қаралы күнді мерекеге айналдырып жіберді.


​ШҚО әкімінің орынбасары 31 мамырды мейрам деп тұрғындарды құттықтады

31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Семейге келген Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем НҮСІПОВА қаралы күнді мерекеге айналдырып жіберді, деп жазады Жас алаш газеті.

Совет үкіметінің құрбандарын еске алу шарасы Әлихан БӨКЕЙХАН ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қоюдан басталды. ШҚО-ның білдей идеология саласына жауапты Әсем Бекқызы қағазына шұқшиып, Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінде баяндамасын жасады. Жел тараған шашымен бір алысып, қобыраған қағаздарын бір түгендеп әуреге түсіп, сөз соңын «с праздником!» деп аяқтады.

Ұлт көсемі Әлихан ескерткішінің алдында тілі тұсалып кібіртіктеп тұрған Ахметовтің орынбасарынан бір ғана жағымды жаңалық естілді. Ескерткіш тұрған Ленин көшесі бұдан кейін «Мәңгілік ел көшесі» болып аталатыны Үкіметтік деңгейде оң шешімін тауыпты.

Бұдан кейін жоспар бойынша өлкетану мұражайында өтетін шараға қатысуға тиіс болған орынбасар ол жерге де аяқ басқан жоқ. Күте-күте көз майы таусылған музей басшылығы маңызды жиынды Нүсіповасыз өздері-ақ бастап кетті. Алаштың қадір-қасиетін ұғынудан мақұрым ұлықтың бұл қылығы әрине, көпшілік көңілінде дық болып қалып қойды.