2011 жылы туған қыз бала 22 қараша күні түнде қайтыс болды.
ERNUR.KZ. 16 қарашада Ақмола облысының Шортанды кентінде газ баллоны жарылысынан зардап шеккен тағы бір бала ауруханада қаза тапты, деп жазады exk.kz.
"Өкінішке қарай, 2011 жылы туған қыз бала 22 қараша күні түнде қайтыс болды. Елордадағы ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген еді. Жағдайы өте ауыр болғандықтан бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Денесінің 60 пайызын күйік шалған", — делінген Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Денсаулық сақтау саласының өкілдері қолданылған барлық медициналық шараларға қарамастан, науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Кеше түнгі сағат 23.00-де баланың жүрегі тоқтады деп мәлімдеді.
Бұған дейін 20 қарашада 12 жастағы бала қаза тапқан. Ал жарылыс кезінде бірден үш адам тіл тартпай кетті. Оның екеуі ересек адам болса, біреуі бала. Тағы 10 адам ауруханаға түсті.Оқыс оқиға түнгі сағат 22:00 шамасында Шортанды кентінде Линейная көшесіндегі үш пәтерлі барак үйде болды. Жарылыстан кейін 3 пәтер өртеніп, оның бір бөлігі құлады.