Жарылыс сәтін жергілікті тұрғындар видеоға түсіріп алған.
Фото: Видео кадрларынан скрин
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданына қарасты Ильичевка ауылындағы қытайлық "Айцзюй" корпорациясына тиесілі агроөнеркәсіптік кәсіпорында жарылыс болды. Жұмысшылар мен құтқарушылар зардап шекті, деп жазады stan.kz.
Жарылыс сәтін жергілікті тұрғындар видеоға түсіріп алған. Оқиға жанармай құю шлангісінің үзілуінен болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, кәсіпорынның екі жинағышында жану және жарылыс орын алған. Одан кейін Volvo маркалы газ тасымалдаушы көлік өртенген. Тоғыз адам зардап шекті. Олардың сегізі ауруханаға жатқызылды", — деп хабарлады СҚО полиция департаменті.
Дәрігерлер түрлі дәрежедегі күйік пен жарақат алған зардап шеккендердің өмірі үшін күресіп жатыр. Зардап шеккендердің арасында кәсіпорынға газ жеткізген Көкшетау қаласының тұрғындары мен көмекке келген құтқарушылар да бар екені белгілі болды.
“Құтқарушылардың жедел, үйлесімді және кәсіби іс-қимылдарының арқасында 50 ш. м. алаңда өрт сағат 20.57-де толығымен сөндірілді”, – делінген ТЖМ хабарламасында.
eGov мәліметтері бойынша, "Тайынша май" ЖШС май және тоң май өндірумен айналысады. Кәсіпорын қытайлық "Айцзюй" корпорациясына тиесілі. Бұл компания агроөнеркәсіптік өндіріс пен халықаралық логистикаға маманданған.
"Айцзюй" корпорациясының негізгі логистикалық орталығы – Қытайдың Сиань қаласындағы құрғақ порт. Сол жерден жүк пойыздары арқылы Қазақстаннан Орталық Азия мен Еуропа елдеріне май, ұн және өзге де тауарлар жөнелтіледі.