СҚО-да мас күйде көлік жүргізген ауыл әкімі әлеуметтік желінің «жұлдызына» айналды

0
739

Аяғында әзер тұрған ол «Жигулиді» басқара алмай, жолдан шығып кеткен.


СҚО-да мас күйде көлік жүргізген ауыл әкімі әлеуметтік желінің «жұлдызына» айналды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысындағы Якорь ауылдық округінің әкімі қызметтік көлікке мас күйде отырып, елді мекендегі бір тұрғынның еккен ағаштарын соққан. Бұл туралы бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, көптің қызу талқысына түсті, деп жазады ҚазАқпарат.

17 қараша күні әлеуметтік желілерде мас ер адамның қызметтік көлікте отырғандығы жөнінде бейнежазба жарияланды. Ролик авторының сөзіне қарағанда, ондағы ер адам - Якорь ауылдық округінің әкімі. Аяғында әзер тұрған ол «Жигулиді» басқара алмай, жолдан шығып кеткен.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті осы оқиғаның анық-қанығын тексерді.

«Құзырлы мекемелерге: аудандық әкімдікке, аудандық ішкі істер бөліміне, медициналық ұйымдарға сұрау салынды. Қызылжар аудандық әкімдігі берген ақпарат бойынша, ауылдық округ әкімі 14 қараша күні өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазып, 15 қараша күні оның өтінішіне қол қойылған. Ал оқиға 14 қарашадан 15 қарашаға ауған түні болған», - дейді департамент мамандары.

Бұдан басқа бейнероликте автор өзінің Қызылжар ауданы әкімімен туыстығын айтады. Бұл жайт та әлеуметтік желілерде көпшіліктің сынына ұшырады. Осыған орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті аудандық әкімдікке қатысты айтылған сыни пікірлерге жауап беру жөнінде хат жолдады.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Құмар Ақсақалов осы оқиғадан кейін Қызылжар ауданының әкіміне өз міндетіне салғырт қарағаны және бақылауды босаңсытқаны үшін сөгіс жариялады.