Петропавлда мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан екі әйел биіктен құлап, ауруханаға түсті.
NUR.KZ/Петр Карандашов
ERNUR.KZ. Олар спорт залындағы төбені сырлап жатқан кезде шамамен 4-5 метр биіктіктен құлаған. Екеуі де ауыр жарақат алған, деп жазады ulysmedia.kz.
Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, оқиға Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында болған. Оқу орнында косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Спорт залында төбені сырлап жүрген екі әйел белгісіз себеппен биіктен құлап кеткен.
Мектеп әкімшілігі оқиға орнына жедел жәрдем шақырып, зардап шеккендер қалалық ауруханаға жеткізілген.
БІР ӘЙЕЛГЕ ШҰҒЫЛ ОТА ЖАСАЛДЫ
Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 54 жастағы әйел ауыр жарақат алған. Ашық сынық салдарынан оған шұғыл ота жасалған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты.
Екінші зардап шеккен әйел 57 жаста, мектепте техқызметкер болып жұмыс істейді. Оқиға салдарынан оның кеуде және бел омыртқалары сынған. Қазір ол травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Оқиғадан кейін мектепте қызметтік тексеру жүргізіліп, жөндеу жұмыстарының қауіпсіздік талаптарына сай ұйымдастырылған-ұйымдастырылмағаны анықталмақ.


