СҚО-ның бас дәрігері пара алғаны үшін сотталды

0
395

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғасы ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігі ("Аса ірі мөлшерде пара алу") бойынша жазаға тартылған.


СҚО-ның бас дәрігері пара алғаны үшін сотталды

ERNUR.KZ. Петропавл қалалық сотында СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдрахман Сақтағановтың ісі бойынша басты сот отырысы өтті. Ол пара алды деген күдікке ілінген, - деп жазады Tengrinews.kz.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғасы ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігі ("Аса ірі мөлшерде пара алу") бойынша жазаға тартылған. Жекеменшік медицина мекемелерінің бірінің директоры Айнагүл Қарабаева да пара бергені үшін айыпталған.

Сот отырысында айтылған мәлімет бойынша, үш жас маман жекеменшік емханаға бос жұмыс орнына жіберілген. Алайда мәслихат шешімі бойынша оларға қосымша жәрдемақы бөлуден бас тартылған. Мекеме директоры бұл мәселені қайта қарауға Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы көмектесе алатынын білген. Айыптаушы тараптың айтуынша, сол кезде Қарабаева облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысына 200 мың теңге көлемінде пара беруді көздеген, бірақ ол пара шарттары мен мөлшерін талқыламаған.

"23 қыркүйекте сағат 16:30-да "Денсаулық" КММ директоры Қарабаева пара беруді көздеп, Сақтағановтың кабинетіне келген. Ол Сақтағановтың жұмыс папкасына 200 мың теңге мөлшеріндегі ақша салынған конвертті салып берген", - деді мемлекеттік айыптаушы Асылбек Қоңыратов.

Прокурордың айтуынша, Қарабаева кеткеннен кейін Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдрахман Сақтағанов конвертті ашып, ақшаны санаған.

"Жеке пайда табу ниетімен Сақтағанов 200 мың теңгені алып қалған. Артынша облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бұл соманы тәркіледі", - деді Қоңыратов.

Қылмыстық іс бойынша кінәні мойындау туралы келісім түрінде процессуалдық келісім жасалған. Екі айыпталушы да барлығын мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтқан.

Осы мән-жайды ескере отырып, сот Қабдрахман Сақтағановтан 6 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуді талап етті. Айнагүл Қарабаев пара бергені үшін төрт миллион теңге төлеуге міндеттелген.