Айыпталушының психикалық ауытқушылығы бар.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстанда өз анасын аяусыз өлтіріп, кейін өртеп жіберген 30 жастағы жігіт сот шешімімен мәжбүрлі емдеуге жіберілді, деп жазады inbusiness.kz.
Басылымның жазуынша, қайғылы оқиға былтыр 10 қарашада Есіл ауданының Явленка ауылында болған. 30 жастағы жігіт Ресейдің Омбы қаласынан анасына қонаққа келген. Ер адам өз анасын ұрып өлтіріп, кейін қылмысын жасыру үшін үйді өртеп жіберген.
Қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды. Айыпталушының психикалық ауытқушылығы бар деп танылып, бірден Алматы облысындағы емдеу мекемесіне жіберілген. Сондықтан үкім оқылғанда сот залында болған жоқ. Тек оның заңды өкілі ғана қатысты.
"Сот қаулысымен Константин Белопухов 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы, 108-баптың 1-бөлігі, 202-баптың 2-бөлігі, 1-тармағында көзделген қауіпті әрекеттерді ақылсыз күйде жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылады. ҚР ҚК-нің 16-бабына сәйкес ол Алматы облысы Талғар ауданы Ақтас кентінде орналасқан мамандандырылған психиатриялық стационарға жіберілді. Оған емдеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалсын", – деді СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршарыпов.
Судьяның айтуынша, айыпталушы Константин Белопухов созылмалы психикалық аурумен ауырады. Жүргізілген сараптама қорытындысы да осыны көрсеткен. Ер адам қылмыс жасаған уақытта өз әрекеттеріне есеп бере алмаған деп айтылған.