Солтүстік Қазақстан облысында жарма мен үлпектер өндіретін заманауи зауыт салу жобасы іске асырылып жатыр.
ERNUR.KZ. Жобаның жалпы құны 3 млрд теңгеден асады. Қажетті инфрақұрылымды жүргізу үшін облыстық бюджеттен 291 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталды. Зауытта астықты жоғары қосылған құны бар өнімдерге қайта өңдейтін толық өндірістік цикл жасалады. Бұл қазақстандық агроөнеркәсіптік өнімдердің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Зауытта ботқаның түрлерін қоса алғанда, 9 түрлі өнім түрі шығарылады деп жоспарланған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 24-тен 30 мың тоннаға дейін дайын өнімді құрайды. Қазіргі уақытта Украинадан әкелінген заманауи жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Үш өндірістік желіні іске қосу көзделген. Өндірістің энергия үнемділігі мен экологиялық қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Барлық технологиялар халықаралық сапа стандарттарына сай болады.
Зауытты іске қосу 2025 жылдың тамыз–қыркүйек айларына жоспарланған.