Солтүстікке қоныс аударғандар ҚАНДАЙ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ие болады?

0
232

Баспаналары бар елдімекендердің тізімі әзірленген.


Солтүстікке қоныс аударғандар ҚАНДАЙ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ие болады?

Бүгінде мемлекеттік деңгейде идеологиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жүргізіліп жатқан үлгілі істердің бірі – халық тығыз орналасқан өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін, тұрғындары сиреп кеткен Солтүстік өңірлерге көшіру бағдарламасы. Бәсеке қайнаған өңірлерден тұрмысын түзей алмаған мыңдаған тұрғынға мүмкіндік сыйлаған бұл бастама жыл өткен сайын жемісті болып келе жатыр десек қателеспейміз. Осы орайда «Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығының» жетекшісі Тоқпан Әнуар мен «TAUEKEL» ұйымының жетекшісі Бурахан Даханов Оңтүстік аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесіп, Солтүстік Қазақстан облысында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.


«Міндетіміз – еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару процессі жайлы ақпараттық кеңес беру. Бүгінгі қоғамның талабына сәйкес әлеуметтік желілер (telegram, whatsapp, facebook, instagram) мен мессенджерлерде орталықтың парақшасы ашылып, барлық қажетті ақпарат күнделікті орналастырылып жатыр. Осы желілер арқылы үш мыңнан астам адам насихат жұмысымен танысты. Бүгінгі таңда телефон арқылы үш жүзден астам азамат хабарласып, оның 148-і онлайн карточкаларды толтырды» - деді олар баспасөз мәслихатында. Сондай-ақ, өңірге көшіп барған азаматтармен ай сайын елуден аса кездесу ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.


Спикерлердің сөзіне сүйенсек, биылғы жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына төрт жүз он екі отбасы немесе 1242 азамат қоныс аударса, жетпіс жанұяның 125 мүшесі қандас мәртебесіне ие болған. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысында еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен қоныс аударушыларды қабылдау бойынша көптеген іс-шара іске асырылып жатыр екен. Атап өтсек, биыл қоныс аударушылар мен қандастардың жанұяларын орналастыру мақсатында қажетті инфрақұрылымдық жүйелері қамтылған, бос жұмыс орындары мен сатып алуға қолжетімді баспаналары бар елдімекендердің тізімі әзірленген.


Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы өңірге екі жарым мыңға жуық адам қоныс аударған. Ал, биылғы жыл басталғалы бері Солтүстік Қазақстан облысына 1200-ге тарта адам көшіп барған. Қазіргі уақытта қоныс аударған адамдардың басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысып, денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жатыр екен.


Осы ретте, Солтүстік өңірлерге қоныс аударатын азаматтарған бірнеше мемлекеттік қолдау көрсетілетінін айта кету керек. Олар:

  • Қоныс аударатын кездегі материалдық көмек (көшіп баратын жанұяның әрбір мүшесіне 258 440 теңге (70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде);
  • Тұрғынүйді жалға алу және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу бойынша шығындарды өтеуге он екі айға дейін (отбасы құрамына байланысты 55 380 теңгеден 110 760 теңгеге дейін (15-тен 30 АЕК-ге дейін);
  • Техникалық және кәсіптік білім алу мақсатында оқыту, қажет болған жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жолдама беру;
  • Жаңа тұрғылықты мекенінде кәсіпкерлікті дамытуға және жұмысқа орналастыруға жәрдем беру.


Сонымен қатар, өткен жылдан бастап қоныс аударған адамдарға баспана салу немесе сатып алу үшін арнайы экономикалық ұтқырлық сертификаттарын (тұрғын үй құнының 50 пайызы, 1160 АЕК-ге дейін (4 282 720 теңге) беру іске асырылып жатыр. Дегенмен биылғы жылы аталған сертификатты беру барысына бірқатар өзгеріс енгізілген. Өзгеріске сәйкес, экономикалық ұтқырлық сертификаттары азаматтарға баспана салу, сатып алу немесе ипотекалық негізде сатып алатын кезде алғашқы жарна түрінде беріледі. Демек аталған өзгеріс қоныс аударушыларға тағы бір мүмкіндік сыйлады деген сөз. Осы орайда аталған сертификат қоныс аударушылар мен қандастарға сол өңірден үй алу үшін ғана берілетінін атап өту қажет.


Тағы бір айта кетерлік ақпарат – экономикалық ұтқырлық сертификаты бойынша ақшалай қолдауды беру аясында өңірдегі еңбек мобильділігі орталығы қандастар мен көшіп барушыларды бірнеше санат бойынша қарастырады. Олар:

  • қандастар мен қоныс аударушыларды қонстандыру үшін өңірлерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс істейтіндерге;
  • отбасы құрамында өтініш берушімен тұрақты түрде бірге өмір сүретін еңбекке қабілетті жастағы отбасы мүшелері бар болған жағдайда;
  • отбасы құрамында өтініш берушімен тұрақты түрде бірге өмір сүретін кәмелетке толмаған балалары немесе жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғарғы және/немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалары бар, олар 18 жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін);
  • Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратындар.


Тағы бір атап өтетін жағдай – экономикалық ұтқырлық сертификатын пайдалану үшін «қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына» енгізілген уақыттан кейін алты ай мерзімнен кешікпей, өңірдегі мансап орталығына өтініш жолдау керек.


«Жалпы, Солтүстікке қоныс аудару аясында жергілікті атқарушы органдар көшіп барған азаматтарды үй-жайға орналастыру, жергілікті тіршілікке бейімдеу және жұмысқа орналастыру бойынша қажетті іс-шараларды атқарады. Жеке кәсіппен айналасуға ниетті адамдарға жеңілдетілген несие және қайтарымсыз грант рәсімдеу барысында да жан-жақты қолдау жасалады», - дейді спикерлер.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ