Солтүстікке көшетіндерге берілетін біржолғы жәрдемақы екі есеге көбейеді

0
2 061

​2021-2025 жылдар аралығында өңірге 10 мыңнан астам жұмыс күшін көшіру, жұмыссыздық деңгейін 4,9%-ке дейін азайту көзделіп отыр.


Солтүстікке көшетіндерге берілетін біржолғы жәрдемақы екі есеге көбейеді

ERNUR.KZ. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударатындарға төленетін біржолғы жәрдемақы 35-тен 70 АЕК-ке дейін көтеріледі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Министр Солтүстік Қазақстан облысында 2021-2025 жылдар аралығында атқарылатын демографиялық дисбаланс пен кері көші-қон сальдосын азайтуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.

Айтуынша, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың жәрдемақысы екі есеге өседі.

"Қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға, жаңа жерге бейімдеуге жағдай жасау үшін көшуге берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 35 АЕК-тен (102 095 теңгеден) 70 АЕК-ке (204 190 теңгеге) дейін көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Шәпкенов үкімет отырысында.

Сонымен қатар, жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында қоныс аударушылардың еңбекақысының бір бөлігін субсидиялау, оқыту шығындарын өтеуге қатысты шаралар қабылданады.

Үкіметте таныстырылған презентацияға сәйкес, қоныс аударушылардың жалақысының 35 процентін бір жылға дейін субсидиялау көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, бос жұмыс орындары туралы мәлімет алу, қоныс аударуға өтінім беру және қабылданған шешімдермен танысу электронды еңбек биржасы арқылы жүзеге асады.

Жалпы, министрдің сөзінше, 2021-2025 жылдар аралығында өңірге 10 мыңнан астам жұмыс күшін көшіру, жұмыссыздық деңгейін 4,9%-ке дейін азайту көзделіп отыр.

Бүгін үкіметте Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары таныстырылды. Оны іске асырудың жалпы сомасы – 1,8 триллион теңге.