Ең үлкен су тасқыны СҚО-да 2017 жылы болды, осы уақытта Сергеев су қоймасынан тасыған судың биіктігі 3 метрден асып кеткен.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы толып, ернеуінен асып төгіле бастады, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Сергеев су қоймасының ернеуінен 9 см су асып төгіліп жатыр. Десек те, биыл айтарлықтай су тасқыны болмайды, жылдағыдай Петропавлдағы Заречный кентіндегі саяжай учаскелері су астында қалмайды.
Филиал директоры Қымбат Мерғалимованың айтуынша, болжам бойынша асып төгілу небәрі 20 см ғана болмақ. Су қоймасы Ақмола облысынан келген сумен толығып жатыр, ал Есіл өзенінің сағаларында су деңгейінің түскені байқалады.
Таңғы сағат 8.00-дегі ақпар бойынша, Есіл өзені Крещенко елді мекенінің маңында 12 см-ге, Сергеевка қаласының маңында 11 см-ге көтелді. Ал Сергеев су қоймасында деңгейі бір тәулікте 16 см-ге өзгерген.
Ең үлкен су тасқыны СҚО-да 2017 жылы болды, осы уақытта Сергеев су қоймасынан тасыған судың биіктігі 3 метрден асып кеткен. 2018 жылы 2 метрге жуықтаса, былтыр 1,5 метрге жетті.