Сот отырысында сұралып жатқан Қуандық Бишімбаев күлкісін тыя алмады

0
379

Алғашқы сұраққа жауап берген Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкеновамен қалай танысқанын еске алды.


Сот отырысында сұралып жатқан Қуандық Бишімбаев күлкісін тыя алмады

ERNUR.KZ. Сот отырысында өзінің адвокаты қойған алғашқы сұраққа жауап берген Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкеновамен қалай танысқанын, алғаш рет қайда және қалай сүйіскенін, оған қымбат көйлек алып бергенін айтып, күлкісін тыя алмады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оның айтуынша, алғаш танысқанда-ақ бұрынғы жігітіне тұрмысқа шыға алмай қалғаны үшін Нүкенова көңілсіз жүрген, сондықтан ол Салтанатты тек қуанта бергісі келген. Салтанат Нүкенова Павлодарда жүргенде Қуандық Бишімбаевқа Астанада болатын концерт туралы айтқан. Қуандық Бишімбаев сот отырысында Салтанат пен құрбысына концерттің билетін алып бергенін айтты. Сондай-ақ ол Салтанат Нүкенованы бренд киімдер сатылатын қымбат дүкенге апарып, әдемі көйлек алып бергенін еске алды.

Осы оқиғаларды баяндаған кезде Қуандық Бишімбаев күліп тұрды. Біраз уақыттан кейін мемлекеттік айыптаушы Бишімбаевтың күлкісіне наразылық танытты.

«Ол неге күледі? Бұл сот отырысы емес пе?!», - деді прокурор. Өз кезегінде судья Айжан Көлбаева да Бишімбаевқа ескерту жасады.

«Сотталушы Бишімбаев! Салтанат Нүкенованың туыстарына деген құрметіңіз қайда? Сарказмды қойып, нақты сұрақтарға, нақты жауап беріңіз», - деді судья.

Бишімбаев болса не себепті күлгенін «ол шақ менің өмірімдегі ең тәтті естеліктер» деп түсіндірді. Айта кетейік, бүгінгі сот отырысында күдікті ретінде Қуандық Бишімбаевтан жауап алынып жатыр.