Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді

0
92

Қазір су айдындарында жылжымалы бекеттер қойылып, жаппай демалыс орындарында патрульдеу ұйымдастырылған. Ақпараттық стендтер мен ескерту белгілері орнатылған, рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.


Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді

ERNUR.KZ. Балалардың үлкендерсіз қауіпті аймақтарда болу жағдайларын анықтау шаралары қабылдануда. Жақын арада ТЖМ-ге шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануды бақылау және қадағалау функциялары беріледі. Тексеру іс-шаралары ағымдағы жылдың 1 шілдесінен басталады. Еліміздің су айдындарындағы шағын көлемді кемелер мен олардың тұрақ базаларына тексеру жүргізілетін болады. Өрескел заң бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел ден қою шаралары қабылданады. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров ОКҚ брифингінде осылай деп мәлімдеді.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жағалау аймақтарында жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйелері кезең-кезеңімен енгізілуде. Аталған жүйелер Алакөл көлінде, Қапшағай су қоймасында және Алматы қаласының су айдындарында орнатылған.

«Су айдындарында туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ауқымды үгіт-насихат және профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылып, 23 мыңнан астам рейдтік іс-шаралар мен патрульдеу жүргізілді. Анықталған құқық бұзушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы, 412-бабы және 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бері Кодекстің 412-бабы бойынша жалпы сомасы 4 млн теңгеден асатын 265 әкімшілік хаттама толтырылды», - деді спикер.

Ағымдағы жылғы шомылу маусымы басталғалы бері су айдындарында 10 адам, оның ішінде 7 бала суға батып қаза болды. Адамдардың қаза болуына негізінен жүзе алмау, өз мүмкіндігін дұрыс бағаламау, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруы және демалыс кезінде алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде суға түсу себеп болып отыр. Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда орын алады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл сайын шомылуға рұқсат етілген орындардың санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Төтенше жағдайлар министрлігі су айдындарында болған кезде қарапайым қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауды ескертеді:

- балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау және олардың ересектердің бақылауынсыз суға түсуіне жол бермеу;
- бейтаныс әрі шомылуға арналмаған орындарда, сондай-ақ тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде суға түспеу;
- алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеу;
- шомылу аймағының шекарасын көрсететін белгілерден асып жүзбеу.

Шомылуға тыйым салынған орындарда суға түскені, сондай-ақ шағын көлемді кемелермен және өзге де жүзу құралдарымен жүруге тыйым салынған жерлерде оларды пайдаланғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.