Қаныш Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес нысанда 19 сорғы агрегаты мен 17 трансформаторды ауыстыру көзделген.
ERNUR.KZ. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барып, өңірде жүзеге асырылып жатқан негізгі су шаруашылығы жобаларының орындалу барысын тексерді. Атап айтқанда, Қаныш Сәтбаев атындағы каналдағы сорғы агрегаттарын жаңғырту және №87 бөгетті реконструкциялау жұмыстарының, сондай-ақ «Ертіс-Успенка» каналын реконструкциялау жобасы қалай жүзеге асырылып жатқанын көрді, деп хабарлайды Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Нысандарды аралау кезінде Жандос Сәлімов мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, қолға алынған жобаның барлығын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
«Бұл жобалардың жүзеге асырылуы гидротехникалық нысандардың сенімділігін арттыруға, тұрғындар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартуға, сондай-ақ өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ауқымы мен маңызын ескере отырып, министрлік бұл жобалардың іске асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі.
Қаныш Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту жөніндегі Жол картасына сәйкес нысанда 19 сорғы агрегаты мен 17 трансформаторды ауыстыру көзделген. Қазіргі уақытта 5 сорғы агрегатын ауыстыру жұмыстары аяқталу кезеңіне жақындады. Жақын арада тағы 5 агрегатты реконструкциялау жұмыстары басталады.
Сонымен қатар каналдың энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту аясында жоспарланған 17 трансформатордың 8-і орнатылды.
Жол картасының толық орындалуы канал жұмысының сенімділігі мен тиімділігін арттырып, тұтынушыларды сумен үздіксіз қамтамасыз етуге, сондай-ақ гидротехникалық нысандарды пайдалану тәуекелдері мен оларды күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.


