Қытаймен де су тасқыны кезіндегі жұмыс екіжақты келісім арқылы жүзеге асады.
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
ERNUR.KZ. Су ресурстары және ирригация министрлігі көктемгі тасқын кезеңіне дайындық аясында көршілес елдермен өзара іс-қимылды арттырды, деп жазады inform.kz.
− Су дипломатиясы су тасқыны кезінде де, суару маусымы кезінде де маңызды. Қазір ол жоғары деңгейде деп айта аламыз және көрші елдермен келіссөздер бойынша қиындықтар жоқ. Су тасқыны кезеңін өткізу бойынша өзара іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылды. Қазір жұмыс тобының құрамы, ережесі және 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Яғни, Қазақстан мен Ресей су тасқыны кезеңінде ақпарат алмасуға келісті, - деді министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қытаймен де су тасқыны кезіндегі жұмыс екіжақты келісім арқылы жүзеге асады. Трансшекаралық өзендерде су тасқыны секілді табиғи апаттар туындаған жағдайда тараптарды шұғыл хабардар ету жөнінде келісім бар.
Қырғызстанмен жүргізілген келіссөздер барысында Талас өзені арқылы су беру көлемін ұлғайту туралы келісім орнады. Бұл Киров су қоймасынан су жіберуді реттеу және су тасқыны кезеңінде апаттың алдын алу үшін жасалады.
− Оған қоса, шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу белсенді жүріп жатыр. Жапония Халықаралық ынтымақтастық агенттігінің мамандары Қазақстанның 4 облысындағы 13 гидротехникалық құрылысты тексерді. Сарапшылар су тасқыны кезінде өте үлкен көлемде су қабылдаған Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы нысандарды зерттеді. Ал нидерландылық мамандар Астана мен Ақтөбеде су тасқыны тәуекелдерін басқару бойынша семинарлар өткізді, - деп толықтырды М. Әбдуәлиева.