Су үнемдеу технологиясы енгізілген егіс алқабы 1,3 млн гектарға дейін жеткізілмек

0
97

Су ресурстары және ирригация министрі жөнделіп жатқан су қоймаларына қатысты түсінік берді.


Су үнемдеу технологиясы енгізілген егіс алқабы 1,3 млн гектарға дейін жеткізілмек

Фото: Су және ирригация министрлігі

ERNUR.KZ. Бүгін жыл қорытындысына орай БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары жайында пікір айтты, деп жазады inform.kz.

- Суды ұтымды пайдалану үшін ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және тұрмыста суды үнемдеп, ұқыпты пайдалануға бағытталған мәдениетті қалыптастырудың маңызы ерекше. Ауыл шаруашылығындағы сумен жабдықтау саласында негізгі басымдық заманауи, су үнемдейтін суару әдістеріне көшуге беріліп отыр. Осы мақсатта мемлекеттік қолдау шаралары қайта қаралып, олар тұрақты нәтиже беріп отыр. Егер 2023 жылға дейін су үнемдеу технологиялары енгізілген егіс алқаптарының көлемі жыл сайын орта есеппен 30 мың гектарды құраса, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында бұл көрсеткіш еселеп ұлғайып, соңғы екі жылда орта есеппен 150 мың гектарды құрады. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің алқабы 543,5 мың гектарға дейін ұлғайды, - деді Н. Нұржігітов.

Осы орайда ол 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. Осы мақсаттарға жету үшін 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте 228 млрд теңгеден астам қаражат көзделген, бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп (2023-2025 жылдар – 55,5 млрд теңге).
- Өнеркәсіптік су пайдалануды дамыту бағытында да жұмыс жүргізіліп жатыр. Жаңа Су кодексінде кәсіпорындардың суды қайта пайдалану және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу талаптары бекітілген. Бұл мақсатқа 7 жыл мерзім белгіленген, оның ішінде 2 жыл - өтпелі кезеңге, 5 жыл - жоспарларды іске асыруға арналған. Бұл шешім 2030 жылға қарай суды қайта және айналымды пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін, яғни екі еседен астам арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда белгіленген іс-шараларды орындамағаны үшін жауапкершілік шаралары заңнамалық тұрғыдан көзделген, су пайдалану лимиттерін 20%-ға дейін қысқарту шаралары қарастырылған, - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Су ресурстары және ирригация министрі жөнделіп жатқан су қоймаларына қатысты түсінік берді.