Судья болуға қажетті біліктілік емтиханын тапсыру мерзімі 3 айға дейін қысқарды

0
137

Жоғары Сот Кеңесі біліктілік емтиханы үдерісінің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған түбегейлі шаралар қабылдады.


Судья болуға қажетті біліктілік емтиханын тапсыру мерзімі 3 айға дейін қысқарды

ERNUR.KZ. Іріктеу сапасын төмендетпей, біліктілік емтиханына қолжетімділік айтарлықтай артты. 2024 жылмен салыстырғанда емтихан саны үш есе көбейді: 12 емтихан өткізіліп, оған 1365 кандидат қатысты. ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Жанат Оспанова ОКҚ алаңында осылай деп мәлімдеді.

Сонымен қатар Біліктілік комиссиясының құрамы 40%-ға жаңартылды. Оның құрамына ғылыми қауымдастық өкілдері мен шетелдік сарапшылар енгізілді.

«Комиссия отырыстарының жиілігі де едәуір артты. Егер бұрын айына 1 рет өткізілсе, қазір бұл көрсеткіш 4 ретке дейін көбейді. Нәтижесінде емтиханды тапсырудың жалпы мерзімі 1,5 жылдан 3 айға дейін қысқартылды. Тест тапсырмаларының сапасын күшейту мақсатында олардың базасы толық жаңартылып, бұрынғы 300 сұрақтың орнына 1000 жаңа сұрақ әзірленді. Бұл сұрақтарға отандық жетекші заңгер-ғалымдардан құралған арнайы комиссия сараптамалық бағалау жүргізді. Сонымен бірге маңызды бір көрсеткішке назар аударғым келеді: біліктілік емтиханынан кандидаттардың тек 24,5%-ы ғана сәтті өтті. Бұл – емтихан талаптарының жоғары деңгейде сақталғанының нақты дәлелі. Яғни, емтиханға қолжетімділіктің артуы талаптардың төмендеуіне әкелген жоқ.Керісінше, жүйе іріктеудің қатаң сүзгісін сақтай отырып, рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін одан әрі күшейтті», – деді Ж. Оспанова.

Соңғы бес жыл ішінде шамамен 350 судьялық лауазым тұрақты түрде бос қалып келді. Бұл жағдай, ең алдымен, соттардағы жүктеменің артуына алып келді. Соның салдарынан бірқатар судьялар зейнет жасына жетпей отставкаға кетуге немесе өз еркімен қызметтен босауға мәжбүр болды.

Осы мәселені жедел шешу үшін Жоғары Сот Кеңесі конкурстық рәсімдерді түбегейлі қайта қарады. Нәтижесінде, өткізілетін конкурстар саны 2024 жылмен салыстырғанда үш есе артты: бұрын жылына 1–2 рет өткізілсе, қазір бұл көрсеткіш 6 ретке дейін көбейді. Егер бұрын бір конкурс алты айға дейін созылатын болса, бүгінде оның ұзақтығы 1,5–2 айдан аспайды. Бұл –судьялық бос орындарды жедел толықтыруға мүмкіндік берген маңызды өзгеріс.

2025 жылы алғаш рет адвокаттар, заң кеңесшілері, нотариустар және жеке сот орындаушылары үшін онлайн семинарлар циклы ұйымдастырылды. Жалпы 40-тан астам семинар өткізіліп, оған 13 мыңнан астам заң қауымдастығының өкілі қатысты. Бұл судья мамандығына қызығушылық танытатын кандидаттар санын едәуір арттырды.

Сонымен қатар Кеңес конкурстық рәсімдердің ашықтығын барынша қамтамасыз етті. Қатысушылар тізімдері қоғамнан кері байланыс алу үшін жарияланып отырды. Есепті кезеңде 3500-ден астам пікір келіп түсті. Бұдан бөлек, конкурс қорытындылары Кеңестің YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіліп, бейнематериалдар мен әр кезеңнің нәтижелері тұрақты түрде жарияланып отырды.