Суицид жасамақ болған жүкті келіншекті құтқарған полицейлер марапатталды

0
453

Елордалық полицей Алмаз Құлтанов Қабанбай батыр даңғылындағы көпірден секірген қызды жағаға алып шыққан болатын.


Суицид жасамақ болған жүкті келіншекті құтқарған полицейлер марапатталды

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызды суицидтен құтқарған Нұр-Cұлтан қаласының полицейлерін марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ІІМ сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі патрульдік полиция полкі взводының командирі Алмаз Құлтановқа, полк қызметінің инспекторлары Асылхан Нұрмұхамбетов пен Нұрсұлтан Сариевке жедел әрі үйлесімді іс-әрекеттері үшін жеке алғысын білдіріп, полицейлерді ІІМ-нің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін»медалімен марапаттады.

«Күн сайын бүкіл ел бойынша мыңдаған полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін қызмет атқарады. Оларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғайды және қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектеседі. Біздің қатарымызға кірген әрбір адам полиция қызметі жанқиярлықты, батылдықты және адамдар үшін өмір мен денсаулығын қатерге тігуге дайын болуды талап ететінін түсінеді»,- деді марапаттау рәсімі кезінде ІІМ басшысы.

Ол өз сөзінде осындай сыни жағдайларда полиция қызметкерлері бірнеше секунд ішінде жауапты шешімдер қабылдауға мәжбүр екенін, кейде мұндай шешімдер адамның тағдырын шешіп жататынын атап өтті.

«Тек кәсібилікпен және өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарау, әр адамның проблемаларына назар аудару арқылы ғана сенімге қол жеткізуге болады. Сіз және сіздің әріптестеріңіз алдағы уақытта да өз қызметтік борышын үлгілі және жанқиярлықпен атқаратынына сенімдімін», - деді Ерлан Тұрғымбаев марапатталғандарға.

Еске сала кетейік, 3 қазан күні елордалық полицей Алмаз Құлтанов Қабанбай батыр даңғылындағы көпірден секірген қызды жағаға алып шықты. Кейін Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасы елордада көпірден секіріп кеткен жүкті әйелдің жағдайы туралы мәлімет берді.