Суррогат ана қызметіне жүгінген ерлі-зайыптылардың міндеті қандай

0
192

Қазақстанда суррогат ана қызметтерін жүргізу бағдарламасы мен ережелері заңнамамен реттелген.


Суррогат ана қызметіне жүгінген ерлі-зайыптылардың міндеті қандай

Фото: Shutterstock

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі суррогат ана қызметіне жүгінген ерлі-зайыптылардың міндетін атады, деп жазады inform.kz.

«Қазақстанда суррогат ана қызметтерін жүргізу бағдарламасы мен ережелері заңнамамен реттелген. Суррогат ана болу қосалқы репродуктивті технологиялар әдістерінің бірі ретінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексімен және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекспен (бұдан әрі – Кодекс) реттеледі. Кодекстің 9-тарауы, 54-бабының, 1-тармағына сәйкес, суррогат ана қызметтерін қолданудың негізгі ережелері, талаптары мен шарттары көрсетілген. Оған сәйкес суррогат ана болу шарты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптары сақтала отырып, жазбаша нысанда жасалады және міндетті түрде нотариатта куәландыруға жатады», - деп атап өтті министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.

Ведомствоның мәліметінше, қорытындының бір данасы нотариатта куәландырылған суррогат ана болу шартына қоса беріледі және мәміленің жасалған жері бойынша сақталады (56-баптың 3-тармағы). Егер суррогат ана тіркелген некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) жағдайда, суррогат ана болу шартын жасасу кезінде жұбайының нотариат тәртібімен куәландырылуға тиіс жазбаша келісімі ұсынылуы қажет (56-баптың 2-тармағы). Ерлі-зайыптылар мен суррогат ана арасындағы нотариалды тіркелген шарт негізінде ғана денсаулық сақтау субъектілері «Қосалқы репродуктивті технологиялар» (суррогат ана) бағдарламасы бойынша қызмет көрсетеді. Суррогат ана қызметтерін алу үшін азаматтар шартты ресімдегеннен кейін қосалқы репродуктивті технологиялар әдістерімен бедеулікті емдеумен айналысатын медициналық ұйымдарға дербес жүгінеді.

«Суррогат ана болу шартын медициналық ұйымдардың мамандары жасамайды. Тиісінше медицина қызметкерлері шарттың мазмұны мен талаптары, оның ішінде екі тараптың құқықтары мен міндеттері үшін жауапты болмайды. Сонымен қатар суррогат ана саласында қосымша қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын агенттіктердің қызметі медициналық қызметтерге жатпайды және тиісінше Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне кірмейді», - делінген жауапта.

Министрліктің дерегінше, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 57-бабы 1-тармағына сәйкес, суррогат ана болу шартын жасасу кезінде ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер):

1) суррогат ананың медициналық зерттеп-қараудан өтуімен байланысты материалдық шығыстарды көтеруге;

2) қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар қолданылуына байланысты материалдық шығыстарды көтеруге;

3) қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолданатын медициналық ұйымға тән саулығы, психикалық денсаулығы туралы медициналық қорытындыны, сондай-ақ медициналық-генетикалық зерттеп-қараудың нәтижелерін ұсынуға;

4) суррогат ананың жүктілігі, босануы кезеңінде және босанғаннан кейін 56 күн ішінде медициналық қызмет көрсету бойынша шығыстарды төлеуге, ал жүктілікпен және босанумен байланысты асқыну болған жағдайда, 70 күн ішінде шығыстарды төлеуге міндетті.