Алматылықтар табысы төмен отбасыларға арналған несиелендірудің «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады.
ERNUR.KZ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы «Отбасы банк» АҚ директоры Данагүл Түсіпова айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Егер табысы төмен отбасы жергілікті атқарушы органдар тарапынан баспана кезегінде тұрса, «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларына қатыса алады. Бұл бағдарламалар бойынша төлем қабілеттілігінен өтудің жеке шарттары бар, мұнда әрбір отбасы мүшесінің шығындары азырақ сомада есептеледі, сондай-ақ бұл бағдарламалар бойынша бастапқы жарна жеңілдетілген және айтарлықтай төмендетілген», - деді Данагүл Түсіпова.
Айтуынша, «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл Алматыда 905 пәтер сатылады.
«Қатысушылар тізімі otbasybank.kz платформасында 2022 жылдың 20 маусымы мен 19 шілдесі аралығында өткізілген конкурс нәтижелері бойынша қалыптастырылды. Оған көпбалалы, толық емес сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы кірді. Оларға арналған баспананы қалалық әкімдік «Жас қанат» шағын ауданынан салып берді. Қазір несие алу процесі жүріп жатыр. Оларға жылына 2% мөлшерлемемен (ЖТСМ 2,1%-дан бастап) беріледі. Мемлекеттік бағдарламаның шарттары бойынша бастапқы төлем несие сомасының кемінде 10 пайызын құрайды»,- деді ол.
Сонымен бірге, спикер «Отбасы банк» арқылы жастар үшін қандай тиімді мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді екенін айтты.
«2017 жылдан бастап қаламызда «Алматы жастары» жеңілдетілген бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол барлық өңірлерде аймақтық бағдарламалардың іске қосылуына негіз болды. «Елорда жастары», «Алатау жастары» бағдарламалары бар. Мұнда әр аймақта несие беру шарттары әртүрлі. Мәселен, «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша білім, денсаулық сақтау, мәдениет, БАҚ, спорт, ғылыми-зерттеу институттары, құқық қорғау органдары сияқты жеті салада еңбек етіп жүрген 35 жасқа дейінгі жастарға несие беріледі. Биылғы жылға өзгерістер жоспарланып отыр, енді әкімдіктің мақұлдауын күтіп отырмыз. Бағдарламаның басталғанын кейін хабарлаймыз. Біз 1100 азаматқа несие беруді жоспарлап отырмыз, бұл бағдарлама бойынша бастапқы жарна 10%. Пайыздық мөлшерлеме – 5%», - деп түсіндірді ӨКҚ спикері.