Ер адам қыздың анасымен азаматтық некеде тұрған.
ERNUR.KZ. Алматы облысында 13 жасар өгей қызын өлтірді деп күдікке ілінген 47 жастағы тұрғын ұсталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаменті таратқан мәліметке сенсек, 23 шілдеде Талғар қаласындағы жеке үйлердің бірінен 13 жасар қыздың мүрдесі табылған.
Марқұмның денесінде азаптау белгілері бар.
Бұл факт Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлімі бойынша тіркелді.
Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы қыздың 47 жастағы өгей әкесінің осы аса ауыр қылмысқа қатысы бар екенін анықтады.
Кейін анықталғандай, бұл ер адам қыздың анасымен азаматтық некеде тұрған. Жедел іздеу шарасы кезінде оқиға орнынан қашып кеткен күдікті Алматы қаласында қолға түсті.
Қазіргі таңда ұсталған адам уақытша изоляторға қамалған. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, полиция тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпаратты жариялай алмайды.
Полицияның мәліметіне сенсек, елімізде балаларға қатысты қылмыстың 70 пайызын оның өз айналасындағы жақын адамдар жасайды.
Бұл - олардың әкесі, өгей әкесі, анасымен бірге тұратын ер адамдар, туыстар, көршілер, таныстар.