Акцияны шетелде білім алып жатқан студенттер де қолдады.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елорда тұрғындары «Менің Туым. Менің Отаным!» челленджін қолдады, деп хабарлайды Хабар24.
Осылайша «Думан» қонақүйінің қасбетіне, терезелер мен балкондарға 30 ту ілінді. Қазақстан Республикасының үлкен туы «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығында орнатылды. Акцияны сондай-ақ тұрғындар үкіметтік емес ұйымдар балкондарда Қазақстан Республикасының туларын орналастыра отырып, шетелде білім алып жатқан студенттер де қолдады.
«Әр қазақ баласы үшін тәуелсіздіктен терең, азаттықтан асыл ұғым жоқ шығар. Мінеки, қаншама ғасыр армандаған көк туымыз көгімізде желбіреп тұр. Елбасымыз айтқандай, тәуелсіздікті қолдан ұшырып алу – бабалар аманатына қиянат. Сондықтан ұлт болып келер ұрпаққа тәуелсіздікті аман-есен табыс етуді Алла нәсіп етсін. Әр қазақтың шаңырағына береке, бірлік тілеймін. Елдігіміз жасай берсін!», – дейді әнші, спортшы Ибрагим Ескендір.
«Барша қазақстандықтарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Мерекеге орай «Менің Туым. Менің Отаным!» челленджін қолдаймын. Тәуелсіздік оңай келе салған дүние емес. Сондықтан тәуелсіздіктің не екенін жастардың санасына сіңіру керек. Көк туымыз әрқашан биікте желбірей берсін», – дейді қала тұрғыны Сейілхан Үйсінбеков.
Айта кетейік, қаланың орталық көшелерінде (Тәуелсіздік, Б. Момышұлы, Сарайшық, Сығанақ, А.Байтұрсынұлы, Республика, Ж. Тәшенов және т.б.) жол бойында Қазақстан Республикасының тулары ілінді. Жалпы Нұр-Сұлтан қаласының айналасында мыңнан астам ту ілінген.
Сонымен қатар азаматтар #МеніңТуым #МеніңТуымМеніңОтаным #МойФлагМояРодина #ЦветМоейРодины #БіздіңОртақМереке #НашОбщийПраздник хэштегімен посттар, фотолар, видео мен Қазақстан Республикасының туымен байланысты сюжеттерді жариялау арқылы белсенді бола алады.