Әкімдік өкілдері аталған дерек бойынша арнайы комиссия құрып, тексерістің болғанын айтады.
ERNUR.KZ. Тараздағы ең үлкен көпір «құлауға шақ тұр». Осылай деп шағымданған шаһарлықтар, екіге бөлінген өткелді видеоға түсіріп редакцияға жолдады. Қаланың екі бөлігін жалғаған жалғыз нысанның апатты жағдайда тұрғаны, күнделікті өткен мыңдаған жолаушыға қауіп төндіруде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құны 1,9 млрд теңге болатын облыстағы ең үлкен өткел, осыдан үш жыл бұрын салынған болатын. Дегенмен 3 жылға жетпей құрылыс сыр бере бастаған сыңайлы. Жарықшақтар пайда болып, тұрғындар шошынып жатыр.
Ені 28, ұзындығы 315 метр болатын құрылыс 2016 жылы басталып 2018 жылы аяқталған болатын. Шағын аудандар мен Шалғай қарасудың арасындағы жалғыз көпір бастапқыда күніне 3-4 мың көлік өтеді деген есеппен салынған. Бірақ мақтауын асырған нысанның төзімділігі талапқа сай болмағандай. Арасы 10 сантиметрге дейін ашылған жарықша қауіпті аймаққа айнала бастады.
Ал, әкімдік өкілдері аталған дерек бойынша арнайы комиссия құрып, тексерістің болғанын айтады. Нәтижесінде жүргізушілерге қорқатын дәнеңе жоқ деген шешімге келіпті. Барлығы талапқа сай салынды дейді қала әкімнің орынбасары.
«Ол жерде екі кеңейту түйіні бар. Бүгінгі таңда мердігер тарапынан кеше-бүгін суыққа байланысты сол түйін көлемінің үлкеюіне байланысты қажетті материалдарын жағып қалыпқа келтіру жұмыстарын толығымен аяқтап жатыр. Ол кеңейту түйінің ауыр көліктер болсын, кіші көліктер болсын, адамға ешқандай залалы жоқ. Қауіпсіз деп айтуға болады», – деді қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.
Арай алқабындағы бұл нысанның құрылысы негізінен кеңестік кезеңде басталған болатын. Кейін құр қаңқасы тұрып, бараз уақыттан соң республикалық қаржы есебінен жалғасқан. Әкімдік аталған көпірді әлі 5 жыл бойы мердігер жөндеуге міндетті дейді. Ал, 10 см-ге дейін ашылған жерге тек битумды құюды қалыпты процеске балап отыр.