Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде қолдап келеді.
ERNUR.KZ. Бүгінде мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын қалпына келтіруге, күнделікті өмірге бейімделуіне және өз мүмкіндігін барынша пайдалануға жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ретте оңалту қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық беріліп отыр.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде қолдап келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде заманауи оңалту орталықтарын дамыту жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда 6 оңалту орталығы пайдалануға берілді, тағы 4 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал 2 нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Жамбыл облыстық оңалту орталығы да осы бағыттағы маңызды нысандардың бірі. Мұнда 18 жастан асқан І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ жасы ұлғайғанына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын азаматтарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталық 150 адамға арналған. Мұнда қимыл-қозғалысы шектеулі, өздігінен жүріп-тұруы қиын адамдар да оңалтудан өтеді. Орталық мамандары үшін ем алушының жасаған әрбір кішкентай қадамының өзі маңызды нәтиже саналады.
«Бұл жерге әртүрлі қызмет алушылар келеді. Кейбір адамдар қолын мүлдем қозғалта алмайтын кездері болады. Кейбірі өздігінен орнынан тұра алмайды. Әр адамның жасай алмайтын әрекеті бар. Сондықтан қолын сәл көтерудің өзі немесе өздігінен қозғала бастауы – қызмет алушы үшін үлкен жетістік. Бізде жүру тренажері де бар. Бұған дейін мүлдем жүре алмаған адамдар осы құрылғының көмегімен алғашқы қадамдарын жасай бастайды. Оның өзі біз үшін де, ем алушының өзі үшін де үлкен қуаныш. Әр адамның кішкентай жетістігінің өзі – үлкен жеңіс», – деді Жамбыл облыстық оңалту орталығының маманы Нұркелді Серікбаев.
Орталықта қызмет алушыларға бірнеше бағыт бойынша көмек көрсетіледі. Мамандардың жұмысы адамның жағдайын жақсартуға ғана емес, оның күнделікті өмірде өздігінен әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
«Өте жақсы оңалту орталығы. Осында жұмыс істейтін мамандардың барлығы өз ісін жақсы біледі. Осы кабинеттің өзінде қаншама көмек алдық. Барлық қызметті тегін алып жатырмыз. Бізге көрсетіп отырған қолдау үшін алғысымыз шексіз», – деді орталықта ем алып жатқан Майрам Жұмалықызы.
Министрлік алдағы уақытта да мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін әлеуметтік және оңалту көмегін жетілдіру жұмыстарын жалғастырады.


