Ташкентте «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды

0
1 198

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдіктерді таныстыру.


Ташкентте «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды

2019 жылғы 11 сәуірде Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу құрметіне орай, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Өзбекстан Мемлекеттік өнер Музейінде «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесін ұйымдастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап.

Көрменің ашылу салтанатына ҚР Ұлттық музейі директоры Алмаз Нұразхан, Өзбекстандағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды, Өзбекстан Республикасы Мәдениет вице-министрі Камол Акилова, Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің директоры Васила Салихқызы Файзиева қатысты.

«Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесінің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру.

Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылады. 1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейінің директоры Алмаз Нұразхан: «Мен ең алдымен Қазақстандықтарды ыстық ықыласпен қабылдаған Республика басшылығына, осы көрмеге атсалысқан Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің ұжымына алғыс білдіргім келеді. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасы Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған болатын. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бүгін, міне, жетінші мемлекетке табан тіредік. Көрмеге «Ұлы даланың жеті қырында» атап көрсетілген әр сала бойынша құнды жәдігерлер қойылды. Өзбекстандықтар бізге жат емес, тарих, мәдениет, салт-дәстүр, діни ұғымдарымыз ортақ қалыптасқандықтан, бүгінгі көрме сіздергі қызықты болады деп ойлаймын», - деді өз сөзінде.