Тәуелсіздікке орай 1 мың адам түрмеден шығады

0
481

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мәжілісте "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын таныстырды.


Тәуелсіздікке орай 1 мың адам түрмеден шығады

ERNUR.KZ. Оған сәйкес 2 мыңға жуық адам бостандыққа шығады, деп жазады exk.kz.

Министрдің айтуынша, рақымшылықтың басты мақсаты — онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін жазадан босату, сондай-ақ кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзімін қысқарту.

"Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектерге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады", - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, Елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеу мен қамауда отыр.

Қамауда отырғандардың 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, ал 45 пайызы бірнеше рет оның алдында сотталған. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр. Енді жоба бойынша 2 236 сотталушыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады.

"Біріншіден, 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығып, 3818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Екіншіден, 1294 сотталушыға және пробацияда тұрған 7492 адамға жаза мерзімі қысқартылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, 1471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелерін қолданады", — деді Ішкі істер министрі.

Осы тұста Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қарастырылмағанын айта кету керек.