Жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай?
фото: ашық дереккөзден
Бәріңіз білетіндей, 2024 жылдың сәуірінде Қазақстанның барлық аймағында «Таза Қазақстан» деп аталатын экологиялық науқан басталған. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес қолға алынған бұл акция аз ғана уақыт ішінде жалпыхалықтық сипатқа ие болып, тұрақты түрде өткізілетін іс-шараға айналды. Мұндағы мақсат – қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету, бұқараның экологиялық мәдениетін нығайту, әрбір азаматтың санасына табиғатқа деген жанашырлықты сіңіру және келешектің қамын жасау деп түсіндік.
ҚАЗАҚСТАН ТАЗА ЕЛГЕ АЙНАЛДЫ МА?
Ресми дереккөздерге жарияланған мәліметтерге сүйенсек, былтыр ел көлемінде өткізілген мыңдаған іс-шараға алты миллионға тарта азамат атсалысқан. Ол іс-шаралардың басым бөлігі сенбілік ретінде ұйымдастырылып, 1 млн 100 мың тоннаға жуық қоқыс жиналған және 1,5 миллион түптен аса ағаш отырғызылыпты. Бұл жұмыстарға азаматтар жасы немесе қызметіне қарамастан бір кісідей қатысқанына баршаңыз куә болған шығарсыздар.
Дегенмен, бұл акция тек сенбілік ұйымдастырумен ғана шектеліп қалған жоқ. Тұтас бір бағдарлама ретінде бірнеше бағыт бойынша атқарылды. Атап айтқанда, науқан шеңберінде мыңдаған ретсіз қоқыс алаңдары жойылды. Сонымен бірге, ауа тазалығын негіз еткен іс-шаралар аясында жүздеген автокөлік тексеріліп, экологиялық нормативке сай келмеген көліктердің иелері мен жүргізушілері жауапкершілікке тартылып жатты. Тиісінше, бұл жұмыстар азаматтардың экологиялық мәдениетін көтеруге үлес болды деп айта аламыз.
Келе-келе «Таза Қазақстан» акциясы да цифрландырылып, @TazaQazBot деп аталатын платформа пайда болды. Телеграм желісінен ашылған бұл чат арқылы кез келген азамат экологияға қатысты шағымын әп сәтте жауаптыларға жеткізіп, мәселе тез арада шешіледі. Былтыр бұл чат арқылы сегіз мыңға жуық өтініш түсіп, жеті мыңнан астамы көп ұзамай реттелген. Біршамасы күрделілігіне байланысты уақыт талап еткен. Өтініш берушілер саны бойынша Алматы өңірі көш бастап тұрса, екінші орынға Астана, одан кейінгі сатыға Қарағанды облысы жайғасқан.
Сондай-ақ, азаматтардың экологиялық мәдениетін көтеру мақсатында 2024-2029 жылдар аралығына арналған арнайы тұжырымдама да бекітілді. Аталған құжат шеңберінде жастардың әлеуетін осы салаға негіздеу, қалдықты кәдеге жарату, экологиялық ахуалға бақылау жүргізу, экоеріктілікті дамыту сынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАННЫҢ» ЖАҢА БАҒДАРЫ
Биыл да аталмыш бағдарлама аясындағы жұмыстар күшейтілмесе, қарқын бәсеңдеген жоқ. Себебі, жоспар бойынша биыл жұмыстарды жүйелендіру үшін тұрақтандыру қорлары қызмет атқарып, республикалық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Оған қоса, түрлі өндіріс орындарынан қоршаған ортаға шығатын қалдықтардың көлемін азайтуға күш салынып, жаңа бағдарламалар қолға алынады.
Мәселен, күні кеше еліміздің бірнеше аймағында «Таза қала» деген атаумен сенбілік жұмыстары жүргізілді. Аталған акцияға өздері өмір сүретін қаланы тазалауды мақсат еткен 90 мыңға жуық азамат қатысқан. Олардың 88 мыңы қалалардың халқы болса, екі мыңға жуығы волонтерлер екен. Бәрі жабылып сегіз жүз тоннадан аса қоқыс жинаған. Ал, ерекше қорғауға алынған 15 аймақта өткізілген «Таза аймақ» акциясына сегіз жүзге тарта адам қатысып, он сегіз тоннаға тарта қоқыс тазаланған.
Сонымен қатар, бірер күн бұрын қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін көтеру тұжырымдамасы шеңберінде тағы да екі бірдей науқан бастау алды. Олар – Оңтүстік пен Батыстағы кәсіпкерлік нысандардың аумағын тазалап, абаттандыруды көздейтін «Таза кәсіп – таза аймақ» науқаны және қоғамдық орындарға ағаш егуге негізделген «Қала үшін ағаш» акциясы.
ПЛАСТИКАЛЫҚ ҚАЛДЫҚ – КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ
Тазалық тақырыбын қаузағанда ойымызға пластикалық қалдықтар бірден сап ете қалады. Себебі кез келген аймақтың экологиясына кері әсерін тигізіп, елдің тұрақты түрде өркендеуіне тежеу болатын мұндай қалдықтар қазір ең өзекті проблемалардың бірі болып отырғаны жасырын емес. Бұл мәселе Қазақстанда да өте күрделі деңгейде.
Осы ретте халықаралық тұрақты даму орталығы елімізде 10 жылға дуық уақыт бойы түгендеу жұмыстарын жүргізген. 2022 жылы аяқталған түгендеу барысында пластикалық қалдықтардың көбею үдерісі мен оның себеп-салдары зерделеніп, осы жылдар ішінде Отандық пластикалық өнім шығару көлемі 387 000 тоннадан 855 000 тоннаға дейін артқаны анықталған. Яғни, Қазақстанда пластикалық өнім көлемі артқан сайын ел аумағындағы пластикалық қалдық көлемі де ұлғайып жатыр деген сөз.2022 жылды зерделеу нәтижелеріне сүйенсек, анықталған қалдық көлемі 296 000 тоннаға жеткен екен. Бұл көрсеткіш зерттеу басталған 2013 жылғы көрсеткіштен екі есе көп болып отыр. Мұндай қалдықтың басым бөлігі қаптау немесе орау ісіне арналған материалдар екен. Сарапшылардың айтуынша, аталған кемшілікке қайта өңдеу ісінің дамымай жатқандығы себеп болып жатыр.
Халықаралық ұйымның мәліметтерінде аталған санаттағы көбейіп бара жатқан қалдықтардың тиімсіз қолданылуына инфрақұрылымның жетіспеушілігі ықпал етіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, пластикалық қалдықтарды бөлек-бөлек жинау жүйесі жолға қойылмайынша, сұрыптау саласының жүктемесі жеңілдемейді және шикізат сапасыз бола береді. Осы орайда халық арасындағы қарапайым экологиялық мәдениеттің төмендігі де проблеманың күрделенуіне кері әсерін тигізіп жатқандығын айтпасқа болмайды. Тұрғындарды ақпараттандыру саласында да шикілік көп болып отыр.
Ендігі кезекте жауапты органдар айқындалған проблемаларды шешу жолдарын қарастырып, бірнеше ұсыныс даярланған. Соның ішінде мұндай мониторинг жұмысын тұрақты түрде өткізу ұсынысы бар. Бұл ұсыныс іске асырылса,маңызды ақпараттарды жинақтап, мәселелерді дұрыс сараптау және шешу жолдарын дайындауға мүмкіндік бермек. Қалдықтарды тиімді басқаруға арналған инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа өңдеу орындарын салу, қоқысты бөлек-бөлек жинақтау жүйесін жетілдіру, сұрыптау, азаматтарға білім беру және қоғамдық жұмыстарға деген белсенділіктерін арттыру, осы проблемаларды реттеуге арналған заң талаптарын пысықтау, қайта өңдеуге қолдау көрсету сынды ұсыныстар да маңыздылыққа ие.
Бір сөзбен айтқанда, аталған түгендеу жұмыстары пластикалық қоқыс көлемін азайту, қайта өңдеу саласын жандандыру сынды бағыттардың дамуына септігін тигізді. Қажетті деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп, тың тәжірибелерге жол ашты. Сонымен қатар Қазақстанды Орта Азиядағы қалдықтарды қайта өңдеу бойынша көшбасшыс мемлекеттердің бірі етуге ықпал жасады.
«ҚОШҚАР-АТА» ҚОЙМАСЫ ҚАУІПТІ МЕ?
Бүгінгі таңда Қазақстандағы ең өзекті қоқыс алаңдарының бірі – Ақтау қаласыныі маңындағы «Қошқар ата» қалдық қоймасы. Мұнда өткен жүзжылдықтың алпысыншы жылдарынан бері жинақталып қалған тау-кен өндірісінің жүз миллион тоннадан аса қалдығы жатыр. Олардың арасында радиоактивті қалдықтар да бар екен. Сол себепті бұл аумақта он жылдан бері сексеуіл ағашын егіп, жасыл белдеу құру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытқа дейін 170 гектарға жуық жер көгалдандырылған. Ал келержылға дейін бұл аумақты төрт жүз гектарға жеткізіп, жобаны толығымен орындау көзделген.
Тағы бір айта кетерлік жағдай Қазақстан аумағындағы қалдықтарды қайта өңдеп, тиімді түрде пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа жобалар іске асырылмақ. Жобалардың жалпы құны 317 миллиард теңгені құрайды. Алдағы уақытта ол туралы да сөз қозғайтын боламыз.
Б.Мейірханұлы,