Тест тапсырушылар 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады – министр

0
357

6 облыстан басқа өңірлерде ҰБТ 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады.


Тест тапсырушылар 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады – министр

ERNUR.KZ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеудің басталуына орай мектеп бітіруші түлектерге үндеу жасады, деп жазады sputnik.kz.

"Аса мұқият назар аударыңыздар, тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сондықтан тайм-менеджментті ұтымды қолдануға кеңес беремін", - деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар министр шекті балл жөнінде қосымша ақпарат берді:
"Құқық" және "Педагогикалық ғылымдар" білім беру салалары үшін кемінде 75 балл,
"Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" кемінде 70 балл,
"Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" кемінде 60 балл (ұлттық жоо үшін);
ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл,
басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек.
Ол Жоғары білім берудің барлық деңгейі бойынша 2024-2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлу тізімі жарияланғанын еске салды. Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 112 мың грант бөлінді. Соның ішінде бакалавриатқа түсу үшін 2024-2025 оқу жылында 79 мыңға жуық грант бөлінді.
16 мамырда басталған тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасады. Дегенмен төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) тіркелу уақыты 6-20 мамыр аралығында ұзартылды және ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өтеді.
Биыл ҰБТ-ны 180 мыңнан астам түлек тапсыруды жоспарлауда. Тестілеуде талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Жалпы саны 120 сұрақты құрайтын тестілеуде жоғары 140 ұпайды алуға мүмкіндік бар.