Тиісті салығын төлесеңіз 50 келіге дейін алтын өндіруге рұқсат

0
3 205

Лицензия алу үшін кодексте көрсетілген заңға сәйкес белгілі бір құжаттар жиынтығын өткізу керек


Тиісті салығын төлесеңіз 50 келіге дейін алтын өндіруге рұқсат

ERNUR.KZ. Елімізде, соның ішінде біздің шығыста бағалы металдардың, алтын мен асыл тастардың шашыранды кен орындары аз емес. Енді, алдағы жылдан бастап тұрғындар тиісті салығын төлеп, рұқсат қағазын алып, табиғаттың сол байлығын жеке табысына айналдыруына әбден болады, деп жазады altaynews.kz.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген сөз бекер емес екен, алтын қазушы жеке тұлғаларға қазба орындарын үш метр тереңдіктен төмен қазуға рұқсат етілмейді. Одан арғы тереңдіктер өнеркәсіптік өндіріс аумағы болып табылады. Кенді шайып алу барысында кәсіпкерге химиялық қоспалар пайдалануға рұқсат етілмейді.

Мамандардың айтуынша алтын кендері көп кездесетін аумақ Күршім өңірі жақ екен. Жалпы, бетімен алтын іздеуші старательдерге біздің облыста қанша участок қарастырылған? Бұл кәсіптің экономикалық тиімділігі қандай болмақ?

"Биылғы жылы маусымда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексіне өзгерістер енгізілді. Соның бірі – жеке тұлғаларға алтын қазуға рұқсат берілгендігі. Алтын қазуға рұқсат беруге жергілікті атқарушы билікке яғни, біздің басқармаға өкілеттік беріліп отыр. Басқарма біздің облыс аумағында өз бетімен алтын іздеушілерге сусымалы, шашыранды алтынды қазуға, сүзуге лицензия беруге өкілетті. Алтын кеніші орындарының тізімі бар. Бекітілген тізім бізге инвестиция және даму министрлігімен жолданып отыр. Онда 140 тай участок бар. Әр участок 5 гектарды құрайды. Заңда көрсетілгендей бір кәсіпкер өз участогынан жылына 50 келіге дейін алтын өндіре алады. Лицензия алу үшін кодексте көрсетілген заңға сәйкес белгілі бір құжаттар жиынтығын өткізу керек. Құжаттарды біздің басқарманың жер қойнауын пайдалану бөлімі қабылдайды. Қазіргі уақытта біз өтінімдерді қабылдауға дайынбыз. Әзірге ешқандай өтінім түскен жоқ",- деп жауап берді біздің сауалымызға облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шурманов.

Халықаралық тәжірибе бойынша тұрғындарға бағалы металдар мен асыл тастарды өндіруге рұқсат беру алтын өндіру нарығын “көлеңкеден” шығаруға да септігін тигізеді. Тиісінше жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке салық түседі. Бұл тұрғындардың жаңа кәсіп көзін табуына, облыстың, қазба орындары орналасқан аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек.