15 жастағы танымал ТiкТок қолданушысы мекемеде жанкүйерлерімен және жазылушыларымен кездесу өткізген.
ERNUR.KZ. Танымал TikTok қолданушысы, шопан Әбдіқадыр Наурызбек Талдықорғанда ұсталды. Ол жанкүйерлерімен кездесу ұйымдастырған, деп жазады Tengrinews.kz.
Оқиға 9 қаңтарда Талдықорғандағы кафелердің бірінде болды, онда бір топ жасөспірім мен шопан бала жиналған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, 15 жастағы танымал ТiкТок қолданушысы мекемеде жанкүйерлерімен және жазылушыларымен кездесу өткізген. Барлығы 200-ге жуық адам жиналған.
"Блогерге қатысты материалдар жиналып, шаралар қабылдау үшін Жамбыл облысы полиция департаментінің ювеналды полиция қызметкерлеріне беріледі. Мекеме иелеріне қатысты да ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, Әбдіқадыр Наурызбек ұсталғаннан кейін ТiкТок-та видео жариялап үлгерді. Бұл БАҚ-қа сұхбат беріп жатқан кезінен қысқа бейнеролик.
"Мені алып кетпес бұрын сұхбат бергенмін", - деп жазған ол.
Еске салайық, TikTok әлеуметтік желісінде Avdi лақапатымен танылған бала қарапайымдығымен біраз адамның жүрегінен орын алған еді. Оның шын есімі - Әбдіқадыр Наурызбек, 15 жаста. Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының тумасы. Бүгінде ол мектепте оқиды. Оның TikTok-тағы парақшасында 2 миллионға жуық оқырманы бар, бүгінге дейін түсірілген видеоларына 60 миллионға жуық лайк басылған. Бұл қазақстандық аудиториядағы рекорд деуге де болады.