"Тоғызқұмалақ" ойынының атауын өзгерту керек: Федерация президенті ресми мәлімдеме жасады

0
298

Депутаттың ұсынысы кешелі бері ғаламтор беттерінде қызу талқыланып жатыр.


ERNUR.KZ. 29 мамыр 2024 жылы Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында "тоғызқұмалақ" ойынының атауын өзгертуді ұсынған болатын, деп жазады zakon.kz.

Депутаттың ұсынысы кешелі бері ғаламтор беттерінде қызу талқыланып жатыр.

Алайда, 30 мамыр күні Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Әлихан Байменов депутаттың ұсынысын қолдамайтынын жеткізіп, ресми мәлімдеме жасады.

"Мәжілістің бірнеше депутаты ұлттық мәдени мұрамыз тоғызқұмалақтың атын өзгерту қажет деп үкіметке сауал жолдапты. Ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену, қасиетті ұғымдарға немқұрайлы қарау - ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс екені сөзсіз. Көзіқарақты кез келген адам " бұлар басқаны қойғанда Абайды танымай Әуезовті оқымағандар ма?" деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз , бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық. Тоғызқұмалақ- ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны."Әлихан Байменов

ЮНЕСКО тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі болып табылады, - деп айтты федерация президенті.

"Сырттан келген бір-ер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа- ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз. Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде , ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады. Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды."Әлихан Байменов, Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті

Ойынның да, оның атауының да иесі- қазақ халқы. Біздің перзенттік парызымыз - тоғызқұмалақты дамытып, қанатын кеңге жаю.

Қазір әлемнің 50-ден астам елінде тоғызқұмалақ көзбе -көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекет тұрғындары түрлі сайыстарға қатысып, 6 әлем чемпионаты 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен өтті.

Жаhанға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында. Қазақстанда 210 мың адам түрлі деңгейде тұрақты шұғылдануда.

"Мұның бәрі ардагерлер, жаттықтырушылар, ойыншылардың еңбегінің, оларды демеп, қолдап жүрген федерация,тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкерлер, Спорт және туризм министрлігі мен жергілікті әкімдіктер, маслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген істерінің жемісі."Әлихан Байменов, Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді.

"Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына жұмыс жасаймыз. Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды. Қазақ барда тоғызқұмалақ дами бермек. Ұлт алдында зор міндеттер тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бойынша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз. Пікір алуандылығын сыйлай отырып, қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлімдейміз."Әлихан Байменов, Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті

Естеріңізге сала кетейік, 29 мамыр күні мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың атына жасаған депутаттық сауалында дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында "тоғызқұмалақ" ойынының атауын өзгертуді ұсынды.

Депутат ғалымдар мен зерттеушілердің пікірінше, бұл ойынның жалпы атауы – "тоғызат" екенін айтты.