Тойға ақша жинайтындар салықтық тексеруге ілінбеу үшін не істеу керек: Қаржы министрлігі жауап берді

0
104

Салықтық тексеру тек бірнеше критерий бірдей орындалғанда ғана жүргізіледі.


Тойға ақша жинайтындар салықтық тексеруге ілінбеу үшін не істеу керек: Қаржы министрлігі жауап берді

Фото: istockphoto.com

ERNUR.KZ. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов туған күндерге немесе той-жиындарға ақша жинайтындарға салықтық тексеруге ілінбеу үшін не істеу керектігін айтты, деп жазады stan.kz.

Вице-министрдің айтуынша, салықтық тексеру тек бірнеше критерий бірдей орындалғанда ғана жүргізіледі.

Біріншіден, жеке тұлға қатарынан үш ай ішінде 100 түрлі адамнан аударым алуы керек. Яғни қаңтарда 100 адамнан, ақпанда 100 және одан көп адамнан, наурызда да солай. Екіншіден, аударымдардың жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асуы тиіс.

“Тек осы екі критерий бір мезгілде орындалғанда ғана адам салықтық тексеруге ілінеді, – деп түсіндірді Ержан Біржанов.

Журналистер Қазақстандағы компанияларда әріптестер жиі бір-бірінің туған күніне бір қызметкер арқылы ақша жинайтынын, егер компания үлкен болса, екі критерий де орындалуы мүмкін екенін айтты.

"Мүмкін, ақша жинауды жалпы бөлімге немесе кәсіподаққа аудару қажет шығар. Бірақ егер осындай жағдайлар жиі қайталанса, яғни бір ұйымда бір адам тұрақты түрде іс-шараларға ақша жинап, қатысушылар саны 100-ден асып, жалпы сома 1 миллион теңгеден асса, біз оған хабарлама беріп, түсініктеме аламыз. Егер біз жақын адамдардан жиналғанын анықтасақ, оған ешқандай сұрақ қойылмайды", - деп сендірді Біржанов.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 1 қаңтардан бастап жеке тұлғалардың мобильді аударымдары қандай жағдайларда салықтық бақылауға ілігетінін айтқан еді.