Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады

0
492

Марат Сұлтанғазиев облыстың биылғы қаңтар-мамыр айларындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.


Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Марат Сұлтанғазиев облыстың биылғы қаңтар-мамыр айларындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады. Оның айтуынша, жалпы өңірлік өнім көлемі 5 триллион теңгеге жеткен облыс еліміз бойынша бесінші орында тұр.

Әкімнің айтуынша, Алматы облысында 7 индустриялық аймақ құрылып жатыр. Өңірдің 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфеліне жалпы құны 3,7 триллион теңге болатын 207 жоба енген. Биыл сомасы 446,7 миллиард теңге болатын 58 жоба жүзеге асырылып, 5,3 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.

«2024 жылдың басындағы дерекке сәйкес өңірде 136,7 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 6,3 пайызға көп. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 53 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Оның 46-сына тиісті қаржылай қолдау көрсетілген. Өңірдегі әлеуметтік мәселелер, соның ішінде үш ауысымды мектептердің проблемасы жоспарлы түрде шешіліп жатыр», - деп есеп берген Марат Сұлтанғазиев.

Ақорданың мәліметіне сүйенсек, былтыр 13,8 мың орындық 13 мектептің құрылысы аяқталған. 2024-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы да 53 мектеп салу жоспарланып отыр.

Алматы облысында жүргізілген «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының алғашқы бес аптасының қорытындысы таныстырылды. Облыс тұрғындары қоғамдық орындарды абаттандыру және жаппай ағаш отырғызу ісіне белсенді атсалысқан. Аталған шара аясында 19 506 тонна қоқыс жиналып, 6600 гектардан астам аумақ тазартылған.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасы экологиялық мәдениетті қалыптастыратын маңызды қадам екенін атап өтіп, облыс әкіміне аталған жұмысты тұрақты түрде жүргізуді тапсырды.

Кездесу барысында облыс орталығы Қонаевты, жаңадан құрылған Алатау қаласын және тұтас агломерацияны дамыту перспективасы талқыланды. Мемлекет басшысына қала құрылысына қатысты құжаттаманы әзірлеу және бекіту жұмыстарының аралық нәтижесі таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың стратегиялық даму жоспарын орындауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруды, сондай-ақ Alatau City жобасын жүзеге асыру үшін әлеуетті инвесторлармен қарым-қатынасты жандандыруды тапсырды.