Тоқаев бірқатар заңға қол қойды

0
93


Тоқаев бірқатар заңға қол қойды

Фото: akorda.kz
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірден үш заңға қол қойды, деп жазады Stan.kz.

Президент қол қойған заңдардың бірі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы".

Құжат аңшылық саласын дамытуға және жануарлар дүниесін басқаруда заманауи тәсілдерді енгізуге бағытталған. Қабылданған шаралар қатарында аңшылыққа қойылатын талаптарды күшейту, жабайы жануарларды қолдан өсіруді дамыту, жануарлар санын реттеу тетіктерін жетілдіру, сирек кездесетін түрлерді қорғау, сондай-ақ шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде қосымша экологиялық талаптарды енгізу бар.

Сонымен қатар Тоқаев "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға да қол қойды.

Түзетулер аңшылық ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуді, сондай-ақ үй жануарларына жауапты қарау бағытындағы талаптарды арттыруды көздейді. Кейбір нормалар экологиялық бақылауды күшейтуге және табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың алдын алуға бағытталған.

Президент қол қойған үшінші заң "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы".

Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мадиев бұған дейін түзетулер байланыс операторларына арналған жаңа ережелерді көздейтінін түсіндірген еді. Атап айтқанда, спутниктік интернетті реттеу режимі енгізіліп, шетелдік операторлар тарапынан спутниктік байланыс қызметтерін көрсету тәртібі белгіленеді.