Қазақстан Президенті "БРИКС Плюс" диалогы отырысында сөз сөйледі.
ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15-ші БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан мемлекеттер басшыларының "БРИКС Плюс" диалогы отырысында сөз сөйледі, деп жазады Inbusiness.kz.
Қазақстан Президенті БРИКС саммитінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөліне тоқталды.
"Қазақстан ұйымның негізін қалаушылардың бірі ретінде, өзінің төрағалық ету кезеңінде ШЫҰ-ны алдымыздағы сын-қатерлерге төтеп беретін анағұрлым тиімді алаңға айналдыруды көздеп отыр. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы көпжақты қарым-қатынасты және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда мол тәжірибе жинады. БРИКС пен ШЫҰ-ға ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, мен мынадай негізгі бағыттар бойынша күш біріктіруді ұсынамын", деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек.
"Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде "Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы" бастама көтердім. Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған. "БРИКС және "БРИКС Плюс" құрамындағы серіктестер ортақ игілік үшін осы бастаманы жүзеге асыру ісінде бірлесе әрекет ете алар еді. Сонымен қатар ШЫҰ, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы елдер өте маңызды саналатын цифрлық орта, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуеттерін біріктіріп, ақпарат алмасуды кеңейткені жөн. Келесі жылы Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Цифрлық форумы өтеді. "БРИКС Плюс" аясындағы серіктестерімізді осы маңызды шараға қатысуға ниетпен шақырамын", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.