"Төрт жыл ешқандай мектеп қабылдамаған": Таразда 16 жастағы жасөспірім 6-сыныпта оқып жүр

0
861

Оқушы өз жасынан ұялып, сабаққа бір айдан бері бармаған.


ERNUR.KZ. Тараз қаласында №54 орта мектепте 16 жастағы жасөспірім 6-сыныпта оқуға мәжбүр. Оны мектеп әкімшілігі төрт жыл мектепке қабылдамаған, деп жазады stan.kz.

Мұны журналист Жазира Бегалы Facebook-парақшасында мәлімдеді.

Ақгүл Исмайлова қызының өз жасынан ұялып, сабаққа бір айдан бері бармағанын айтады. Себебі жасы кіші сыныптастары келеке етіп, намысына тиеді екен.

“Қызым биыл 10-сынып оқуы тиіс. Алайда әлі 6-сыныпта жүр. Осыған дейін төрт жыл бойы ЖСН-ы жоқ деп ешқандай мектеп қабылдамады. Алғаш апарған кезде 4-сыныпқа жіберіңіздер десем де, 1-сыныпқа отырғызыпты. Қазір қызым өзгелердің келеке етуінен ұялып, мүлдем бармаймын деп отыр”, – деді жасөспірімнің анасы.

Тараз қаласының білім басқармасы оқиғаға түсініктеме берді.

“Білім беру ұйымдары оқуға қабылдауды "Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қабылдау" қағидаларына, ал сыныптан-сыныпқа көшіру Білім және ғылым министрінің 18.03.2008 жылғы №125 бұйрығымен бекітілген қағида-талаптарының негізінде іске асырылады. Жазбада көрсетілген оқушы 2018 жылы ата-анасының өз өтініші бойынша 1-сыныпқа қабылданған. Бөлім тарапынан оқушының сыныбына қатысты шешім шығару үшін тиісті заңнама жолдары қаралуда”, – деп мәлімдеді білім басқармасының баспасөз қызметі.