Цифрлық кодекске сәйкес, Қазақстанда биометриялық ақпаратты қорғаудың ерекше режимі енгізіледі. Биометриялық деректер – жеке деректердің бір түрі.
ERNUR.KZ. Сондықтан келісім алудың барлық рәсімі сақталуға тиіс. Егер заң деңгейінде биометриялық деректерді міндетті түрде пайдалану көзделмесе, онда оларды қолдану қатаң түрде адамның келісімімен ғана жүзеге асырылуы қажет. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, биометриялық деректерді пайдалану заң деңгейінде белгіленген жағдайларда мемлекеттік биометриялық сәйкестендіру жүйелерін қолдану қажет болады. Мұндай жағдайда мемлекет аталған деректер мен рәсімдерді қорғау функциясын өз мойнына алады. Ал қалған барлық жағдайда биометриялық деректерді пайдалану ерікті түрде жүзеге асырылады.
«Сондай-ақ алғаш рет заң деңгейінде мүгедектігі бар адамдар үшін цифрлық шешімдер мен сервистердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндет бекітілді. Бұл мүгедектігі бар адамдар үшін цифрлық шешімдер бейімделіп, олардың барлық азаматтармен тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік беріледі деген сөз. Біз цифрлық ортаның барша адам үшін қолжетімді болуына үміттенеміз», – деді депутат.


