Түйе шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп: Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» аясындағы бизнес бастамалармен танысты

0
303

Тамара Дүйсенова бастаманы жоғары бағалап, оны одан әрі қарай кеңігнен тарату мүмкіндігін қарастыру қажеттігін атап өтті.


Түйе шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп: Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» аясындағы бизнес бастамалармен танысты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Жамбыл облысына сапары аясында Мойынқұм, Шу және Меркі аудандарында болып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Тараздан 300 шақырымдай жердегі Мойынқұм негізінен шөлейтті аймақ саналады. Алайда мұнда да мал шаруашылығын өрістетуге мүмкіндік бар. Мәселен, Бірлік ауылында «Байбарақ-Агро» кооперативі құрылған. Оған әзірге 30-дан астам адам біріккен. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 35,8 млн теңгеге 20-ға жуық ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, ауылға қызмет көрсетуде. 400 га шабындық жерден ірі қара, ұсақ малға қажетті азық дайындалуда. Аудан түйе шаруашылығын жүргізуге қолайлы. Алайда мұндағы шаруалар әзірге ет пен шұбат өндірумен шектеліп келеді.

Ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметімен танысқан вице-премьер Тамара Дүйсенова ауыл тұрғындарына тауарлы несие беру тетігін қарастыру туралы атап өтті.

«Тек шағын несие арқылы көп түйе алу мүмкін емес. Сондықтан, АӨК-те тауарлы несие тетігін пайдалану маңызды. Елімізде аталған тәжірибенің сәтті жүзеге асып жатқан мысалдары жетерлік. Жамбыл өңірінде сақтандыру тетігін енгізу ұсынылуда. Бұл тетік барлық тараптар үшін тиімді деп санаймын», — деді вице-премьер.

Түйе шаруашылығын жүргізуге қол ұшын созуға дайын басқа өңірлерден келген кәсіпкерлер бар. Мәселен, Алматы облысында 5 мың түйе асырап, оның өнімдерін терең өңдеумен айналысатын «Дәулет-Бекет» серіктестігі.

«Түйе шаруашылығының дамуына барынша күш салу қажет. Егер жергілікті тұрғындар ниет білдірсе, 100 түйе беріп, оны баптауға қажетті кеңес беруге әзірміз. Немесе мұнда түйе сүтін өңдеуге қажетті шағын зауыт салуға жәрдемдесе аламыз», — дейді серіктестік иесі Сыдық Дәулетов.

Шу ауданында вице-премьер ауылдық бизнесті дамытудың өндірістік бағытымен танысты. Бірлікүстем ауылының тұрғыны Нұрзат Қошқарбаев бірнеше жылдан бері кірпіш шығару ісімен айналысып, күніне 1 мыңға жуық данасын өндіріп келген. Мемлекеттік бағдарлама аясында 8,6 млн теңге көлемінде несие алып, өндіріс қуатын екі есеге арттырып отыр.

«Қазір күніне 2000 дана шығаруға қауқарлымыз. Бұған дейін 2 адам жұмыс істеп келген болатын, бүгінде 8 қызметкер бар. Өнімге сұраныс жоғары. Шудан бөлек, Мойынқұм, Меркі, Қордай аудандарынан тапсырыстар көптеп келеді», — дейді кәсіпкер.

Ал Қорағаты ауылының тұрғыны Нұрғали Жексенбиев жұбайымен бірге тігін цехін ашқан. Керекті құрылғылар сатып алып, жергілікті балабақшаларға қажетті төсек жабындары, жастық қаптарын тігіп, сатуда. Кәсібін кеңейтуді мақсат етіп отыр. Алайда тігінші табуда қиындықтар туындап отыр. Жергілікті әкімдік бұл мәселені мансап орталығы арқылы мамандар оқыту жағынан қолдау көрсетіп жатыр.

Вице-премьер жобаларды оң бағалап, туындаған мәселеде мемлекеттік бағдарламаның тетіктерін тиімді пайдаланып, ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейін қалай жақсартуға болатынын тілге тиек етті.

«Қазіргі таңда «Күміс жас» бағдарламасы жүзеге асуда. Одан бөлек мемлекет тарапынан субсидияланатын әлеуметті жұмыс орындары тетігі бар. Жастар практикасы жобасын да қарастыру қажет. Жалпы алғанда ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған бірқатар қолдау шаралары бар. Олар туралы кеңінен насихаттау қажет», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жергілікті тұрғындарға ауыл шаруашылығын жүргізу дағдылары үйретіледі. Бұл бағыт негізінен «Қарызымыз қоғам» жобасы қатысушыларына бағытталған. Мәселен, AMANAT партиясының бастамасымен Меркі ауданында «Агросауат» атты агробіліктілік орталығы ашылды. нысанда егін, құс және мал шаруашылығын жүргізуге қатысты теориялық және тәжірибелік курстарды ақысыз негізде оқыту ұйымдастырылған.

AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев мұндай орталықтардың ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Тамара Дүйсенова бастаманы жоғары бағалап, оны одан әрі қарай кеңігнен тарату мүмкіндігін қарастыру қажеттігін атап өтті.