Жамбыл облысында жасөспірімдер түсірілген әдепсіз видео тарады: Полиция тергеу бастады

0
156

Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен түсірілген әдепсіз видео әлеуметтік желіде тарады.


Жамбыл облысында жасөспірімдер түсірілген әдепсіз видео тарады: Полиция тергеу бастады

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Жасөспірімдердің мұндай әрекетке не себепті барғаны әзірге белгісіз, деп жазады stan.kz.

Полициядан жедел түсініктеме алу мүмкін болмады. Ал тексеру жүріп жатқанын Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжанов растады.

“Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың заңға қайшы әрекеттері түсірілген видеоның таралуына қатысты барлық қатысушы анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі мен тиісті басқарма бұл істі бақылауға алды”, – деп жазды ол.

Әлеуметтік желіде тараған видеоның ұзақтығы шамамен 14 минут. Мәліметке сәйкес, онда Тараз қаласындағы мектептердің бірінде оқитын жасөспірімдер бейнеленген.

Видеодағы әрекеттермен қатар, жасөспірімдердің өзара әңгімесі де алаңдатады. Олардың сөзінен мұндай әрекетті қалыпты жағдай деп қабылдайтыны аңғарылады.

Оқиға түнде, мектептен тыс жерде болған. Жасөспірімдер шағын күркеге ұқсас ғимараттың ішінде жүрген.

Сонымен қатар видеода сақтану құралдарын қолданғаны байқалмайды. Бұл жасөспірімдердің денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Атап айтқанда, қалаусыз жүктілікке және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды жұқтыруға әкеп соғуы ықтимал.

Бұл оқиға полицияның ғана емес, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге жауапты мекемелердің де қызметіне қатысты сұрақ туындатады. Жасөспірімдер түнгі уақытта қайда болған? Ата-аналары балаларының кіммен жүргенінен, немен айналысқанынан хабардар ма? Осындай жағдайлардың алдын алуға тиіс мекемелер өз міндетін қаншалықты атқарып отыр?

Еске салайық, жуырда Жамбыл облысының әкімі жасөспірімдермен жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған жауапты қызметкерлерге қатаң сөгіс берген еді.

Алайда бұл оқиға жасөспірімдерге қатысты мәселені қызметкерлерге сөгіс жариялаумен ғана шешу мүмкін емес екенін көрсетті. Балалармен көбірек жұмыс істеп, олардың қауіпсіздігіне жауапты мекемелер өз міндетін дұрыс атқаруы керек.