Баспана бағасы арзандатылғаннан кейін 1 бөлмелі пәтердің бағасы 4 460 000 теңгеге бағалануда. Алғашқы жарна 892 мың теңгені құрайды.
ERNUR.KZ. Тұрғындарға қолжетімді бағамен баспана ұсыну мақсатында тұрғын үйдің бір шаршы метрі 135 мың теңгеден 100 мың теңгеге төмендетілді, деп жазады pavlodarnews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Рүстем Раиысов айтты.
- Тоғызыншы шағын аудандағы Энергетиктер көшесі, 66, 68, 70 мекенжайындағы үш тұрғын үйдің бір шаршы метрі 100 мың теңге, - дейді Рүстем Раиысов. – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ үш рет конкурс өткізген кезде банкке үш өтінім түскен болатын. Орташа есеппен алғанда 140-145 мың теңге тұрады.
Баспана «Бәйтерек девелопмент» АҚ-нан екі жылға несие алу арқылы салынады. Осы уақыттың ішінде сол сома қайтарылады, дегенмен тұрғындарға пәтердің бір шаршы метрі 100 мың теңгеден ұсынылады. Яғни, 100 мың теңге субсидия бөлінеді.
Бүгінгі таңда 15 өтінім түскен. Екібастұз қаласы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, пәтер рәсімдеуге өтініш қабылдау 12 қыркүйектен бастап 7 қазанға дейін жүргізіледі. Әзірге 110 адам баспана алуға ниеттеніп отыр.
9-шағын ауданда бой көтерген тұрғын үйлерде жалпы саны 30 - бір бөлмелі, 90 - екі бөлмелі және 60 - үш бөлмелі пәтер бар. Әу баста «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның өкілдері 1 бөлмелі пәтердің бағасы 6 021 000 теңге (44,60 шаршы метр) екенін хабарлаған болатын. Баспана бағасы арзандатылғаннан кейін 1 бөлмелі пәтердің бағасы 4 460 000 теңгеге бағалануда. Алғашқы жарна 892 мың теңгені құрайды. 2 бөлмелі пәтер 5 420 000 (алғашқы жарна – 1 084 000 теңге) теңгеге, 3 бөлмелі пәтер 7 500 000 (алғашқы жарна – 1 500 000 теңге) теңгеге тең.
- Жалпы, бүгінде 9 мыңға жуық екібастұздық «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да есепшот ашып, қаражат жинаған. Оның барлығы дерлік Екібастұз аласынан үй аламын деп жоспарлағандар емес. Қомақты қаржы жинақталса, еліміздің кез келген қаласынан баспана алуға мүмкіндік бар, - деді баспасөз қызметінде.