Жүзу маусымындағы негізгі мәселелердің бірі – туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, яғни тыйым салынған жерлерде жүзу құралдарының бақылаусыз қозғалысы болып тұр.
ERNUR.KZ. Демалушылардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында 2025 жылдан бастап Жалпы су пайдалану қағидалары күшіне енді. Өңірлерге жағажайлар мен жағалау аумақтарын қауіпсіздік талаптарына сәйкес келтіру жөнінде ұсыныстар жолданды. Осыған байланысты құтқару қызметтерінің жұмысын ұйымдастыруға бақылауды күшейту, құтқарушылардың санын арттыру және құтқару бекеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажет. ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеді.
Сонымен қатар шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін Көлік бақылау инспекциясының штатын кеңейтіп, жүзу маусымы бойы су айдындарында инспекторлардың тұрақты болуын қамтамасыз ету қажет.
«Бұдан бөлек, Туристік саланы дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Азаматтық қорғау туралы» заңға саяхат басталғанға дейін өмір үшін қауіп-қатері жоғары болуына байланысты жетуі қиын жерлер, су, таулы және спелеологиялық объектілер бойынша саяхат кезінде жүру маршруттары туралы хабарлау жөніндегі түзетулер қабылданды», – деді спикер.
Айта кетерлігі, курорттық аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері де шешілмеген күйінде қалып отыр. Туристік инфрақұрылымды тарту мәселесін жеделдету мақсатында әкімдікке елді мекендерден тыс жерлерде және ұлттық парктердің аумағында туризм объектілеріне дейін инфрақұрылым салуға мүмкіндік беретін бірқатар түзету маусым айында қабылданды.
Курорттық аймақтардағы проблемаларды жүйелі түрде шешу үшін 2025–2028 жылдарға арналған Жол картасының жобасы дайындалды. Құжатта курорттық аймақтарды қажетті инфрақұрылыммен жабдықтауға және туристердің демалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған жан-жақты іс-шаралар кешені көзделген. Жол картасының жобасы 5 бөлімнен тұрады және 141 іс-шараны қамтиды. Құжатта инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.