Келіссөздер барысында тараптар азаматтық авиацияның кең ауқымды бағыттары бойынша ынтымақтастықты жандандыру жөнінде де уағдаласты.
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform
ERNUR.KZ. 2026 жылғы 13–14 тамызда Түркияның Ыстанбұл қаласында Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының авиация билігі арасында келіссөздер өтті, деп жазады inform.kz.
Келіссөздер қорытындысы бойынша 2026 жылғы 14 тамызда тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейтуге бағытталған өзара түсіністік туралы жаңа меморандумға қол қойды.
Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, негізгі бағыттар бойынша (Ыстанбұлдан Астана, Алматы және Шымкент қалаларына, АнкараданАстана және Алматы қалаларына) екі тараптың әуекомпаниялары үшін рұқсат етілген рейстер саны аптасына 76-дан 138 рейске дейін ұлғайтылды.
Туристік бағыттар бойынша (Анталья және Бодрум қалаларынан Қазақстан қалаларына) рейстер саны аптасына 44-тен 86 рейске дейін арттырылды.
Осылайша, жоғарыда аталған бағыттар бойынша рұқсат етілген рейстердің жалпы саны аптасына 120-дан 224 рейске дейін көбейді.
Қалған барлық бағыттар бойынша екі тараптың әуе компанияларына аптасына 14 рейске дейін орындауға мүмкіндік көзделді. Бұл тікелей әуе қатынасын кеңейтуге және өңірлік көлік байланыстылығын дамытуға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, екі тарап үшінші елдерге тасымалдарды жүзеге асыру мақсатында әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін пайдалана отырып, 76-ға дейін жүк рейсін орындау туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Келіссөздер барысында тараптар азаматтық авиацияның кең ауқымды бағыттары бойынша ынтымақтастықты жандандыру жөнінде де уағдаласты. Атап айтқанда, әуе көлігін мемлекеттік реттеу, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру, әуежай инфрақұрылымын дамыту және саланы цифрландыру мәселелері қамтылды.
Қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам болды.
-Әуе қатынасының кеңеюі әуе тасымалдарына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға, жолаушылар мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, туристік ағындардың одан әрі өсуіне, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және екі достас мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді,-делінген хабарламада.


