Ел бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтерді 46 дағдарыс орталығы көрсетеді.
ERNUR.KZ. 2023 жылы Қазақстанның дағдарыс орталықтарына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 4 мыңнан астам құрбаны жүгінді. Ең көбі - Астанадан, деп жазады zakon.kz.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі "отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" арнайы баяндама жасады. Ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылы Дағдарыс орталықтарына 4 мыңнан астам адам жүгінді. Оның ішінде 3 мыңнан астамы медициналық көмек алып, 1 мыңға жуығы жұмысқа орналастырылып, құжаттар алды.
"2023 жылы дағдарыс орталықтарына көмек сұраған адамдардың саны 4386 құрады. Аталған кезеңде көмек сұрағандардың көбі Астанада – 510, Алматыда – 410, Шымкентте – 358 және Қызылорда облысында – 331. Ал, көрсеткіш төмен көрсеткен өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан облысы - 90, Маңғыстау облысы – 60 және Солтүстік Қазақстан облысында – 31 адам", - делінген баяндамада.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларының санын және арнайы әлеуметтік қызметтерді алған адамдардың санын салыстыра отырып, құрбандардың басым көпшілігі қажетті көмек ала алмайды деген қорытындыға келеді.
"Тұрмыстық зорлық – зомбылық құрбандары көбінесе құқық қорғау органдарына жүгінбейді, демек, зардап шеккендер ретінде анықталмайды және нәтижесінде арнайы әлеуметтік қызметтерге қол жеткізе алмайды", - деді ол.
Осы бағыттағы үш негізгі мәселе:
- оқиғадан кейін зардап шеккендермен жұмыс;
- дағдарыс орталықтары желісінің кейбір аймақтарындағы дамымауы;
- зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі үшін орталықтардың қол жетімсіздігі.
Баяндамада тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары туралы ғана емес, құқық бұзушыларды қайта әлеуметтендіру туралы да айтылады.
"Қазіргі уақытта дағдарыс орталықтары тек тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қызмет көрсетеді. Агрессорлармен жұмыс-олармен психокоррекциялық курс өткізу-әлі заңмен шешілген жоқ. Ал бұл мәселемен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар осы бағыт бойынша қаржыландырылмайды", – делінген баяндамада.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, ел бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтерді 46 дағдарыс орталығы көрсетеді, оның 15 – і мемлекеттік, 31 – і мемлекеттік емес. 2022 жылы мұндай орталықтардың саны 42 болған.