Биылғы ең жоғары нәтиже 139 балл.
ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК директоры Руслан Емелбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып өтті, деп жазады inbusiness.kz.
"Биылғы ең жоғары нәтиже 139 балл. Өкінішке қарай, 2 талапкердің 139 балл алған кезінде академиялық адалдықты сақтамай, ереже бұзу арқылы қол жеткізгені анықталып, екеуінің нәтижесі жойылды. Қазіргі кезде үшінші талапкердің де нәтижесі тексерілу барысында" - деді "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК директоры Руслан Емелбаев.
Тестілеу кезінде жақсы нәтиже көрсетіп, кейін заң бұзушылықтарға байланысты нәтижелері жойылған оқушылар не істейді деген сұраққа Руслан Емелбаев былай деп жауап берді.
"ҰБТ толығымен аяқталғаннан кейін жоғары балл жинаған талапкерлердің нәтижелері тексерістен өткізіледі. Өткен жылы 52 талапкердің нәтижесі жойылды. Оның ішінде 38-і мемлекеттік грант иегері болатын. Талапкердің нәтижесі жойылған жағдайда оларда қаңтар немесе наурызда тапсырған ҰБТ сертификаты болса, солардың негізінде ақылы бөлімде оқуына болады",- деді спикер.
Еске сала кетейік, елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу 16 мамырдан бастап 5 шілдеге дейін өтті. Тестілеуге жалпы саны 290 мыңнан астам өтініш келді. Оның ішінде бірінші мүмкіндікті пайдалануға 160 мың өтініш, екінші мүмкіндікті қолдануға 130 мың өтініш түскен.